Кеншілердің қаласы жастар арасындағы 2023 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турниріндегі Қазақстан мен Түркия құрамалары арасындағы ойынды қабылдайды. Бұл туралы Prosports.kz жазды.
Екі құрама үшін де бұл ойынның маңызы зор. Қайрат Нұрдәулетов жаттықтыратын Қазақстан жастары іріктеудің алғашқы үш ойынын топтың фавориттерімен өткізді. Біздің футболшылар Бельгия (1:3, 0:2) және Дания (0:1) құрамаларына қарсы кездесулерде ұпай жинай алмады.
Толунай Кафкас жаттықтыратын түріктердің үміт құрамасының да турнир кестесіндегі жағдайы мәз емес. Түркия құрамасы алғашқы ойында өз алаңында Бельгиядан (0:3) ойсырай жеңілді. Екінші кездесуде Шотландияны (1:1) қабылдап, әрең тең түсті.
Қарағандыда өтетін бүгінгі кездесуге де жанкүйерлер сеніммен қарайды.
Қазақстан мен Түркия арасындағы ойынға әрдайым ерекше назар аударылады. Еуропадағы түркітілдес елдердің дербиі деп те атауға болады. Бүгінгі дербиге қазылық етуге Норвегиядан төрешілер шақырылды. Бас төреші — Рохит Сагги, оның көмекшілері – Гейр Исаксен мен Мортене Йенсен, төртінші арбитр — Кристоффер Хагенес.
Бүгінгі ойынға Қазақстан жастар құрамасы жақсы дайындық жүргізді. Қайрат Нұрдәулетов шәкірттерінің барлығы да алаңға шығуға дайын. Ескертуіне байланысты Бельгиямен өткен ойынға қатыспаған сол қапталдағы қорғаушы Сағи Совет құраманың қатарына қайта оралды. Сонымен қатар, «Шахтер» шабуылшысы Иван Свиридов шақырту алды.
Қазақстан мен Түркия құрамалары арасындағы ойын бүгін, 12 қазан күні өтеді. Матч елорда уақытымен 17:00-де басталады. Ойынның трансляциясын QAZSPORT телеарнасынан көре аласыздар.