Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына тек жергілікті тұрғындар көрермен болады. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) хабарлады.
Әлемдегі коронавирус ахуалына байланысты Қытайдағы байрақты бәсекеге шетелден жанкүйерлер келмейді. Жарыс билеттері құрлықтағы Қытайда тұратын жанкүйерлер арасында ғана сатылады. Жарысты көргісі келетіндер ковидке қарсы хаттамаларға сәйкес болуы тиіс.
Вакцина алған спортшылар мен делегация Бейжіңге келген соң жабық цикл жүйесінде орналасады. Ал вакцина алмағандар Қытайда 21 күн карантинге оқшауланады.
Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындары 2022 жылдың 4-22 ақпан күндері, ал Паралимпиада ойындары – 4-13 наурызда өтеді.