БастыҚоғампроисшествие

Елордада өрт қауіпсіздігі шараларын насихаттайтын іс-шара өтті

Елордада жылыту маусымы жақындағандықтан Төтенше жағдайлар департаменті жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін «Asia Park» сауда ойын-сауық орталығында «Қазіргі заманның қаһармандары» акциясын өткізді. Онда өрт сөндіру техникалары мен арнайы құралдар, кинологиялық және құтқару жабдықтары көрмеге қойылып, халыққа өрттің алдын алу және төтенше жағдай кезінде жасалатын амалдар түсіндірілді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

«Акцияның басты мақсаты – жылыту маусымы кезіндегі мүмкін болар қауіптің алдын алу, жұрт арасында өрт қауіпсіздігі шараларын насихаттау. Оның барысында қала тұрғындары мен қонақтары ТЖД-ның жұмысымен, күш-құралдарымен жақынырақ танысады. Сол сияқты қауіпсіздік мәселелері, алғашқы көмек, өрт кезінде әрекет ету тәсілдері балаларға ойын түрінде түсіндіріледі», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы.

Елордалық ТЖД 14 тамыздан бастап қала аумағында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» іс-шарасын өткізіп келеді.

«Іс-шара үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде біз халықтың әлеуметтік осал топтары мен жатақханаға қайта жабдықталған үйлерді аралап, жылыту маусымына дайындығын тексереміз. Қазір елордада әлеуметтік осал топқа жататын 1792 отбасы бар. Олардың бәрінде дерлік жеке баспана жоқ. Құжатта көрсетілген мекенжай бойынша барсақ, кейбірі көшіп кеткен болып шығады. Қауіп төнуі мүмкін үйлерді тегіс қамтуға осы жайт кедергі келтіріп тұр», – дейді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, екінші кезеңде қала аумағындағы саяжайларды (дача) аралайды.

«Бүгінде Нұр-Сұлтанда алты мыңға жуық саяжай бар. Саяжайлар жылдың белгілі бір мезгілінде уақытша тұруға арналғандықтан, көбіне-көп қысқы суыққа бейімделмеген, жүргізілген электр желілерінің оқшаулағыш қабаты бұзылған, өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған. Сондықтан қыс айларында өрт шығу қаупі жоғары», – дейді басқарма басшысы.

Айлықтың үшінші кезеңінде жеке тұрғын үйлердің тұрғындарына түсіндіру жүргізіледі. Қазіргі таңда елордада 33 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар.

Биыл болған өрттердің 46%-ы тұрғын үй секторына тиесілі. Тұрғын үй секторындағы өрттердің негізгі себептері ішінде пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу (72 жағдай немесе 32%), электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу ( 67 жағдай немесе 30%), халықтың отпен абайсыз болуы (59 жағдай немесе 26%) бар.

ТЖД өкілдері мынадай қауіпсіздік талаптарын сақтау керектігін қозғап өтті:

* алдағы жылыту маусымына жылыту жүйелерін жөндеу және дайындау;

* тікелей жылыту маусымының алдында жылыту пештері мен жүйелерін, мұржаларын және басқа элементтерін, сондай-ақ кемінде үш айда бір рет күйеден тазалауды жүргізу;

* электр сымдарын тексеру, ескірген және уақытша схема бойынша салынған электр сымдарын ауыстыру бойынша шаралар қабылдау;

* электр желілерін шамадан тыс жүктемеу, жылыту үшін қолдан жасалған стандартты емес электр жылыту құралдарын пайдаланбау;

* пешті қыздырмау, жанатын материалдарды, киімдерді жанып тұрған пештің үстіне кептірмеу;

* ауланың аумағын құрғақ шөптен және жанғыш қоқыстардан тазарту, күл жинау үшін қауіпсіз орынды алдын ала анықтау;

* балаларды үйде ересектердің қарауынсыз қалдырмау керегін ескертеді.

Айта кетейік, қазіргі таңда елордада 12 өрт сөндіру бөлімі бар, онда 1700-ден астам өрт сөндіруші жұмыс істейді. Олардың төтенше оқиға орнына жету ұзақтығы – орташа есеппен 10 минут.

Сымбат Төлегенова

Тулегенова Сымбат Тулегеновна родилась 9 марта 2000 года в городе Жезказган, Карагандинская область. Окончила Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева (2017-2021). Специальность - журналист.

Басқа жаңалықтар

Back to top button