ШҚО полицейлері гашиштің ірі партиясын тәркіледі
ШҚО полицейлері гашиштің ірі партиясын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Глубокое ауданының тұрғынынан құны 664 мың теңгені құрайтын гашиш тәркіленді. ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қаладағы үйлердің бірінің жанында Глубокое ауданының 26 жастағы тұрғынын ұстады.
Күдіктінің “Nissan” автокөлігін тінту барысында изолентамен оралған жасыл түсті ұнтақ тәрізді заты бар 24 полимерлі түйіншек табылып, тәркіленді. Сондай-ақ, оның үйі мен моншасы, ауласындағы қосалқы құрылыстарын тінту кезінде изолентамен оралған жасыл түсті ұнтақ тәрізді заты бар 59 полимерлі түйіншек табылып, тәркіленді, сонымен қатар магниттер, изоленталар және электронды таразылар алынды.
– Сарапшының қорытындысына сәйкес, күдіктінің автомобилінен және үйінен алынған зат жалпы салмағы 408,2 гр “гашиш” есірткі құралы болып табылады. Бұл шамамен 100 доза. Оның “қара нарықтағы” бағасы 664 мың теңгені құрайды, – деді ШҚО ПД Есірткі қылмысына іс-қимыл басқармасының бастығы Нариман Кульдиков.
Күдіктінің делдалсыз, жалғыз жұмыс істегені анықталды. “Телеграм” мессенджерінде ашқан интернет-дүкен арқылы тапсырысты қабылдап, облыс орталығына барғаннан кейін автокөлігімен оларды арнайы орындарға жабыстырып кетіп отырған.
Ұнтақты полиэтилен пакетке магнитпен бірге салып, оны шар формасына келтіріп, изолентамен ораған. Осылайша ер адам тауарды кез-келген металлға, мейлі ол орындық немесе гараж қақпасына болсын бекітіп жүрген. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.