БастыҚоғам

Жетінші Армия халықаралық ойындары аяқталды

Он бір мемлекеттің аумағында өтіп жатқан жетінші Армия халықаралық ойындары аяқталды. Ойын бағдарламасына далалық, әуедегі және теңіздегі машыққа арналған 34 конкурс енгізілді. Оған 40-тан астам елдің әскери қызметшілері қатысты. Жарыс бір мезгілде 23 полигонда және үш теңіздің су айлағында өтті. Қазақстандық әскери қызметшілер оның ішінде он бір конкурсқа қатысты, олардың екеуі елімізде өтті.

«Мәтібұлақ» полигонында өткен «Сұңқар аңшылығы» конкурсына Беларусь, Иран, Қазақстан және Ресей әскери қызметшілері қатысты.

Қатысушылар әуе барлауын жүргізу, берілген нысандарды іздеу, ұшқышсыз ұшу аппараттарына қызмет көрсету және оларды ұшуға дайындау бойынша жарысты, сондай-ақ оқ атудан шеберліктерін
көрсетті.

Сайыс қорытындысына келсек, бірінші орында Қазақстан, екінші орында Беларусь, үшінші орында Ресей.

Сол полигонда «Артиллериядан оқ ату шеберлері» сайысында Әзербайжан, Беларусь, Вьетнам, Иран, Қазақстан, Ресей, Сирия, Тәжікстан және Өзбекстан Қарулы Күштерінің минаатқыш есептоптары қатысты. 

Конкурстың үш кезеңінде әскери қызметшілер жылдамдық пен мергендікті көрсететін жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Олар жеке жарыста, түнгі спринт және финалдық эстафетада жеңіс үшін күресті. Жеңіске жеткен – Қазақстан командасы. Екінші орынды Ресей, үшінші орынды Әзербайжан иеленді.

Рязаньда «Десант взводы» конкурсы өтті. Іріктеу кезеңдерінен өткен Десанттық-шабуылдау әскерлері бөлімшелерінің әскери қызметшілері жарысқа қатысты.

Қатысушылар взвод құрамында десант түсірді, марш жасады, жауынгерлік көліктерде жарысты және қоян-қолтық ұрыс жүргізді.

Бұл конкурста бірінші орынды Ресей командасы алса, ал екінші орынды Қазақстан мен Қытай әскери қызметшілері өзара бөлісті, үшінші орын Беларусь командасына бұйырды.

«Тактикалық мерген» конкурсында әскери қызметшілер ғимараттағы, батпақты жердегі және ормандағы ұрысты түрлі жағдайда көрнекі көрсетіп, тапсырмаларды орындады, сондай-ақ жауынгерлік құрамда екеуден және төртеуден топтасып жарысты.

Армия халықаралық ойындарының жаңа конкурсында Ресей командасы жеңімпаз атанды, екінші орынды Қытай иеленді, ал үздік үштікті Қазақстан тұйықтады.

Тывада өткен «Аттар марафонына» қазақстандық тау-егерлік полктің әскери қызметшілері қатысты. Қазақстандық әскери шабандоздар барлық кезеңдерді абыроймен еңсерді. Қатысушылар үшін әртүрлі тапсырмалар мен кедергілер, жүз шақырымнан асатын күрделі жолды еңсеруі, алыс қашықтыққа жарыс нағыз сынақ болды. 

Жалпы командалық есепте ресейлік команда жеңіске жетті. Екінші орынды Моңғолия мен Өзбекстан командалары өзара бөлісті. Үшінші орынды қазақстандық команда иеленді.

Арменияның Дилижан қаласында «Бейбітшілік жауынгері» конкурсы өтті. Ел әскерінен аталған конкурсқа қатысу үшін келісімшарт бойынша үздік әскери қызметшілер іріктелді. Конкурсқа кәсіби жарыстар, сондай-ақ қатысушылардың шығармашылық қабілеттері мен таланттарын көрсететін кезеңдер кірді. Оған алты елдің әскери қызметшілері қатысты. 

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Армения командасы, екінші орынды Ресей, үшінші орынды Қазақстан иеленді.

Мәскеу маңындағы Патриот саябағында «Әскер мәдениеті» конкурсы өтті. Оған біздің еліміздің атынан Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымы және Қарулы Күштердің әскери-тарихи музейінің қызметкерлері қатысты. Шығармашылық жарысқа жиырма елдің командасы қатысты.

Конкурста бірінші орынды Ресей, екінші орынды Қытай, үшінші орынды Қазақстан мен Беларусь елдері иеленді. 

Әскери полицейлер Сербияда өткен «Тәртіп сақшысы» конкурсы барысында кәсіби шеберлік танытты. Оған Иран, Қазақстан, Катар, Кипр, Ресей және Сербия командалары қатысты. Жарыстар жеке және командалық кезеңдерді қамтыды. Соңғы және аса күрделі сынақ «Батырлар жарысы» болды. Қатысушылар ұзындығы он екі шақырымдық күдергі кедергілерді еңсеруі тиіс болды. 

Конкурста Сербия құрамасы жеңімпаз атанды. Екінші орын Ресейге, үшінші орын Қазақстанға бұйырды. 

«Эльбрус шеңберіне» Қазақстанның таудағы дайындық орталығының әскери альпинистері қатысты. Жарыс Кабардино-Балқариядағы «Терскол» полигонында өтті.

Бірнеше арнайы тапсырмаларды құраған конкурс барысында қатысушылар жеке және байламдар арқылы тауға өрмелеп жарысты, жасанды тау бедеріне шабуыл жасады, таулы жерлерде бағдарлауды пысықтады, тасадан оқ жаудырды, таудағы өзен арқылы өтті және Эльбрус шыңына шықты. 

Оған Абхазия, Армения, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Пәкістан, Өзбекстан, Ресей және Оңтүстік Осетияның әскери альпинистері қатысты.

Конкурста бірінші орынды Ресей, екінші орынды Өзбекстан, үшінші орынды Қазақстан алды. 

Иранда өткен су үсті кемелері экипаждарының «Теңіз кубогы» жарысында қазақстандық әскери теңізшілер Әзербайжан, Иран және Ресейдің өкілдерімен жарысты. Қатысушылар кемені зәкірге қоюдан теңіз машығын көрсетті, артиллериядан оқ атуды орындады, әуе және теңіз нысаналарын алып, кеменің сын сағаттағы өміршеңдігін көрсету үшін күресті.

Конкурс қорытындысы бойынша Иранның әскери теңізшілері үздік деп танылды, екінші орынды Ресей командасы, үшінші орынды Қазақстан мен Әзербайжан өзара бөлісті. 

Танымал «Танк биатлоны» конкурсы бұл жолы да ең үздік танк экипаждарын анықтады. Жарыстар мықты бәсекелестікте өтті. Әр команда жеңіске ұмтылып, жаттығу кезінде көрсеткен нәтижелерді жақсартуға және жолда қателіктер жібермеуге тырысты.

Танкистер атыс шептері мен кедергілері бар күрделі жолдан өтті. Олар жылдамдық пен маневрлікті, нысаналарды дәл көздеуді, экипаждардың үйлесімді іс-қимылды мен шеберлігін көрсетті. 

Бірінші кезеңнен бастап қазақстандық әскери қызметшілер он тоғыз елдің қатысушылары арасында үздік үштікте болды.

Финалдық эстафетаның қорытындысы бойынша қазақстандық танкистер үшінші орынға ие болды. Біздің экипаждан тек конкурс иелері мен Қытай командасы озды.

Сымбат Төлегенова

Тулегенова Сымбат Тулегеновна родилась 9 марта 2000 года в городе Жезказган, Карагандинская область. Окончила Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева (2017-2021). Специальность - журналист.

Басқа жаңалықтар

Back to top button