Жамбыл облысындағы жарылыста қаза тапқан әскерилердің аты-жөні белгілі болды
ҚР Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылыста қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөнін жария етті.
“Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасында өрт салдарынан келісімшарт бойынша екі әскери қызметші – 1981 жылы туған сержант Марат Сайлауұлы Мешінбай және 1981 жылы туған ефрейтор Руслан Жүрсінбайұлы Жанболатов , 1969 жылы туған әскерилендірілген күзет қызметшісі азамат Оразбек Дайырбекұлы Далибаев қаза тапты.
Сержант Марат Мешінбай мен ефрейтор Руслан Жанболатов өрттің алғашқы минуттарынан бастап әскери бөлімнің өрт сөндіру командасының құрамында болды. Жарылыстардың жанында болып, олар ауыр жарақаттар алды. Әскерилендірілген күзет қызметшісі Оразбек Далибаев қойманы күзету жөніндегі қарауыл бастығының көмекшісі қызметін атқарды. Қызметтік міндеттерін атқаруда оқ-дәрілердің жарылуы салдарынан қаза тапты» делінген хабарламада.
Қорғаныс министрлігі қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. «Қорғаныс ведомствосы тарапынан қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету бойынша барлық шаралар қабылданады”, делінген хабарламада.