Жыл басынан бері өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан 817 адам зардап шеккен

Қазақстанда өндірістегі жазатайым оқиғалардан болатын өлім-жітім 17,7% – ға төмендеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Ведомствоға қарасты Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің деректері бойынша, биылғы жылдың жеті айында өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан 817 қызметкер зардап шекті, оның 93-і қайтыс болды. Осылайша, өндірістік жарақаттану деңгейі 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,4% – ға өсті (өткен жылдың 7 айында 798 адам зардап шекті).

Бұл ретте өндірістік жарақаттанудан қаза табу жағдайлары 17,7% – ға төмендеді (2020 жылы осы кезеңде өндірісте 113 адам қаза тапты).

Өндірістік жарақаттанудың жоғары деңгейі бұрынғыдай Қарағанды (160 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (97 адам), Ақтөбе (62 адам), Павлодар (61 адам), Қостанай (65 адам), Түркістан (44 адам) облыстарында және Алматы қаласында (47 адам).

Экономика салалары бойынша зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен-металлургия кешенінің кәсіпорындарында – 134 адам (19,4%) және құрылыс саласында – 80 адам (11,6%) байқалады.