“Пәтер алып беремін”: түркістандық тұрғындарды 2 млн теңгеге алдап кеткен алаяқ ұсталды
Түркістандық тұрғындарды екі миллион теңгеге алдап кеткен алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті бірнеше тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғаны туралы шағым түсірді. Жәбірленушілердің айтуынша, олар өздеріне жақын таныс емес ер адам алдап түсірген.
Түркістан қаласындағы көпқабатты үйлерден мемлекеттік жеңілдікпен көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға пәтер алып беремін деп сендірген. Осы істі жасап беру үшін жәбірленуші ер адамның бірінен 450 000, екінші ер адамнан 250 000, ал үшінші жәбірленуші әйелден 1 500 000 теңге көлемінде ақша алған. Осылайша пәтер әперемін деген алаяққа сенген тұрғындар алданып, соңында сан соғып қалған.
Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Күдікті ер адам тұрғылықты мекенжайы бойынша анықталып, Полиция басқармасына жеткізілді. Ол облыс орталығының жергілікті тұрғыны болып шықты.
Белгілі болғандай, күдіктінің жалпы 5 жайтқа қатысы бары анықталды. Күдікті тұрғындардың көпшілігін жоғарыдағыдай пәтер әперемін деп иландырған. Бүгінгі таңда ұсталған ер адамның басқа да осыған ұқсас алаяқтық деректеріне қатыстылығы анықталуда. Күдіктінің бас шарасы “қолхатта”.
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.