БастыҚоғам

ШҚО-да 11 мыңға жуық спортшы 458 теннис секциясына барады

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының спорт кластеріндегі тағы бір бірегей нысан – төрт қабатты теннис орталығының құрылыс барысын бақылады.

Облыс басшысының айтуынша, халықаралық стандарттар бойынша жобаланған еліміздегі алғашқы теннис орталығының жалпы ауданы 9 мың 600 шаршы метр болады.

«Бұл біздің спорттық кластердегі тағы бір маңызды нысан. Қазір іргетасы қаланып, қабырғасы көтеріліп жатыр. Күн суытқанша орталық ғимараты толық салынады. Барлық коммуникациялар жүргізілді. Әрлеу жұмыстарын жылы жерде жасау үшін жылу, жарық, су жүйелері уақытында тартылды», – деп хабарлады Д.Ахметов.

Ол сондай-ақ, орталықтың өзінде екі спортзал болатынын айтты. Бұл жерде бір уақытта 250-ге жуық спортшы шұғылдана алады. Жарыс залына 18 теннис үстелі қойылады. Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған үстелдер де қарастырылған.

«Теннис – бұл өте тамаша және әдемі олимпиадалық спорт түрі. Біздің елде бұл спорт кең тарала бастады. ШҚО-ның өзінде ғана 11 мыңға жуық спортшы 458 теннис секциясына барады. Жаңа орталық теннисшілеріміздің шеберліктерін шыңдауға тамаша мүмкіндік болайын деп тұр», – деді аймақ басшысы.

Айта кету керек, мұнда ең маңыздысы – спортшылар заманауи медициналық көмек алып, оңалту кезеңдерінен өтетін медициналық-қалыпқа келтіру орталығы жұмыс істейтін болады. Осылайша, ШҚО-да ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамытуға қатысты тапсырмаларын жүзеге асыру жалғаса бермек.

«Теннисті бұқаралық спортқа айналдыру – қазіргі кездегі басты міндеттеріміздің бірі. Бүгінде облыстың 15 елді мекенінде дене шынықтыру-спорт кешендері салынып жатыр. Жүздеген бала мен ересек кәсіби спортпен айналысуға немесе денсаулықты жақсарту үшін спортпен шұғылдануға мүмкіндік алады», – деп атап өтті ШҚО әкімі.

Теннис орталығын аралап болғаннан кейін әкім келесі міндет – жаттықтырушылардың біліктілігі мен шеберлік деңгейін арттыру керек деді. Қазірдің өзінде үш деңгейлі арнайы бағдарлама жасалды. Жақын және алыс шетелдердің жетекші мамандарымен шарттар жасалатын болады. 

«Инновацияларды қолдана отырып, спортшыларды даярлайтын жаттықтырушылар олимпиада чемпиондарын шығаратынына сенімдімін», – деді Даниал Ахметов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button