Ауғанстанда тәліптер Кабул қаласындағы президент сарайын басып алып, ғимаратта өзінің туын көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Әл Джазира» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, енді тәліптер аймақта Ауғанстан Ислам Эмиратын жарияламақ. Ал, ел президенті Ашраф Ғани өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бейбіт халықтың қаны төгілмеуі үшін отставкаға кеткенін айтты. Қалдырған жазбасында «бұдан былай елдің тұтастығы мен ауған халқының амандығына тәліптер жауапты» екенін мәлімдеді. Қазір Ашраф Ғани өзінің жұбайымен және кеңесшілерімен бірге Өзбекстанның Ташкент қаласында. Бұл туралы «Әл Джазира» ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ал, Кабулдағы АҚШ пен өзге ел елшіліктерінің қызметкерлері, сонымен қатар жергілікті тұрғындар елден кету үшін әуежайға келген. АҚШ елшілігінің өкілдері болса халықаралық әуежайда атыс болып, өрт шыққанын хабарлайды.
Естеріңізге салайық, 2001 жылы АҚШ күштері Ауғанстанға кірген сәттен, елді 1996 жылдан бастап билеп келген «Талибан» биліктен кеткен болатын. Енді Пентагон әскерін елден шығара салысымен тәліптер билікке қайта келді.