БастыСпорт

Елордалық спортшы Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғайды

Жапония астанасы Токиода 24 тамыз күні XVI жазғы Паралимпиада ойындары өз жалауын желбіретеді. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасынан 25 спортшы спорттың жеті түрінен сынға түседі. Төрт жылдықтың дүбірлі додасында елордалық спортшы Сиязбек Далиев жүзуден ел намысын қорғайды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Сиязбек Далиев – жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2018 жылы өткен пара Азия ойындарының жеңімпазы және биылғы ашық Еуропа чемпионатының жеңімпазы.
Алдағы бәсеке – Сиязбектің спорттық карьерасындағы алғашқы Паралимпиада ойындары.

«Бұл мен үшін үлкен бақыт және жауапкершілік. Еліміз және елордамыз үшін мақтаныш сезімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Пара Азия ойындарында жеңіске жеткен сәтте мен үшін сол жылдың шешуші жыл болғанына сене алмадым. Содан бері аянбай тер төгіп келемін. Егер маған біреу 10 жыл бұрын ел намысын Паралимпиада ойындарында қорғайсың десе, сенбес едім», – деді өзінің жігері мен өмірге деген құштарлығымен талай адамға үлгі болып жүрген Сиязбек.

Сиязбек жарақат алып, қос қолын жоғалтқанға дейін түрлі спорт түрлерімен айналысқан. Солардың бірі – күрес. Спортшының айтуынша, оған бұл спорт түрі қатты ұнаған, жетістіктері де көп болған. Дегенмен спортшының өмірінде қиын күндер туып, жарақаты болашақ чемпионның өмірін күрт өзгертті.

«Өмірлік мақсаты жоқ жандарды көргенде жаным ашиды. Уақыт адамның басты құндылығы. Уақытты бос өткізуге болмайды. Әрқашан арманыңа сеніп алға ұмтылу керек», – деді пара жүзуші.

Сиязбек тек табысты спортшы ғана емес, бақытты отбасының отағасы, екі ұлдың әкесі.

«Арманым адамдарды жігерлендіріп қана қоймай еліміздегі Паралимпиада спортының дамуына өз үлесімді қосу. Біз Ұлттық Паралимпиада комитетінен, елорда әкімдігінен және спорт басқарамасынан жан-жақты қолдау көріп жүрміз. Пара спорттың дамуы үшін жыл сайын спортшыларға барлық жағдай жасалуда. Соңғы жылдары елордамызда пара спорттың деңгейі айтарлықтай өсті. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт орталықтар мен арнайы залдар көптеп ашылуда. Қазіргі басты мақсатым – алдағы Паралимпиада ойындарында үздік үштік қатарына кіру. 2009 жылы Токиода жасөспірімдер арасында өткен Азияның параолимпиадалық ойындарынан екі күміс және екі қола жүлдемен оралған болатынмын. Араға он екі жыл салып, сол жетістігімді қайталаймын деген үміттемін», – деді спортшымыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button