БастыҚоғам

ШҚО-да коммерциялық тұрғын үй құрылысы артады

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, аймақта бюджеттік баспанамен қатар жеке құрылыс компаниялары салатын пәтерлерге де сұраныс артып келеді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

ШҚО әкімі аймақтың Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына коммерциялық тұрғын үй құрылысының алдағы бес жылға перспективалық жоспарын жасауды тапсырды. Сондай-ақ, Даниал Ахметов тәжірибесі мол және қаржылық мүмкіндігі бар сенімді компанияларды таңдау механизмін қарастыруды талап етті.

«Егер мемлекет жеңілдік беретін болса, онда құрылыс фирмалары да жобаларды іске асыруға жауапкершілікпен қарап, сенімді серіктес болуға тиіс. Сонда бәрі әділ әрі екі жаққа да тиімді болады», – деді аймақ басшысы.

Мұндағы жеңілдіктер дегеніміз, жеке құрылыс компанияларымен ынтымақтаса жұмыс істеудің жаңа тәсілі. Мәселен, мемлекет инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы бар дайын үлгілік жобалар мен жер учаскелерін береді. Ал, құрылыс фирмаларынан инвестиция, құрылыс алаңдарындағы тәртіпті сақтау және жұмыстарды мерзімінен кешіктірмей аяқтау талап етіледі.

Қазіргі уақытта жергілікті билік «Нұрлы Жол» және «Спорт» шағын аудандарында 34 тұрғын үй құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап қойды. Жоспарда – айналма жолдардың маңайына құрылыс салу және облыстың басқа қалалары мен аудандарында да салынуы тиіс коммерциялық тұрғын үйлердің жобасы бар.

«Коммерциялық тұрғын құрылысы – перспективалы бағыттардың бірі. Өйткені, ол халық арасында сұранысқа ие және жалпы тұрғын үй мәселелерін шешуде де тиімді бағыт. Егер 2019 жылы осындай 32 мың шаршы метр тұрғын үй салынған болса, биыл жалпы ауданы 244 мың шаршы метр болатын 36 үйді пайдалануға береміз», – деп атап өтті ШҚО әкімі.

Сондай-ақ, кеңес барысында аудандардағы қазандықтарды қайта салу және жаңғырту мәселелері көтерілді. Олардың көпшілігі қай жағынан алып қарасаңыз да ескірген. Қазандықтарды қалыпқа келтіру үшін үлкен қаржылық инвестиция қажет. Мамандардың пікірінше, ескі қазандықтарды толық жөндеуден өткізгеннен жаңасын орнатқан әлдеқайда арзан әрі тиімді.

Глубокое кентінде Қазақстан-Түркия компаниясы заманауи, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және жоғары технологиялық жылыту қазандығы салынып жатыр. Егер жоба сынақтан сәтті өтсе, басқа аудандарға да осындай жылыту қазандықтары салынатын болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button