БастыМәдениет

Табылған артефактілер ата-бабаларымыздың металлургия саласын мықты меңгергенін көрсетеді – Даниал Ахметов

Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының аумағында өмір сүрген ежелгі ата-бабаларымыз отырықшы тұрмыс салтын ұстанған. Жерді өңдеу, ауыл шаруашылығы, металл өндіру және оны өңдеу салаларын жоғары деңгейде игерген, деп атап өтті аймақ басшысы Даниал Ахметов Ұлан ауданындағы Ақбауыр археологиялық кешеніне барған сапарында, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы Елеке Сазы үстіртіндегі археологиялық жұмыстардың барысымен танысты. Онда ерте сақ дәуірінен бастап орта түркі кезеңіне дейінгі бірнеше обадан тұратын үлкен қорым табылды. Әлемге әйгілі ғалым Зейнолла Самашев үш жылдан бері осында қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.

Тарихшы ғалымдар мен археологтардың жұмысының арқасында аймақтың қазіргі тұрғындарының ежелгі ата-бабалары осы жерде отырықшы өмір салтын ұстанғаны және әртүрлі салаларда, соның ішінде металл өндіру және өңдеу саласында үлкен жетістікке жеткені белгілі болды.

Табылған артефактілер мен құралдар балқытылған металдан түрлі бұйымдар жасайтын «шеберханалар» болғанын айғақтайды. Жүргізілген қазба жұмыстары ежелгі қазақтардың ауыл шаруашылығы саласымен айналысып, жерді игеруде өте сауатты болғандарын дәлелдейді.

«Осы жерден табылған және алдағы уақытта да табылатын экспонаттар біздің мұражайларымыздың қорын толықтырып қана қоймай, Қазақстан тарихына қатысты көптеген сұрақтарға жауап беретініне сенімдімін. Бұдан бөлек, тағы 20 учаске бар, оларды да мұқият зерттеу қажет», – деді ғалымдармен кездескен облыс әкімі Даниал Ахметов.

Айта кету керек, Ақбауыр археологиялық кешенінің қазба жұмыстарына қазақстандық ғалымдармен бірге халықаралық экспедиция мүшелері және Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, Шәкәрім атындағы университеттің, Геодезия және картография жоғары колледжі мен республиканың басқа да оқу орындарынан отыздан астам студент қатысып жатыр. Сонымен қатар, мұнда табылған артефактілерді зерттейтін жылжымалы зертхана да бар.

Сымбат Төлегенова

Тулегенова Сымбат Тулегеновна родилась 9 марта 2000 года в городе Жезказган, Карагандинская область. Окончила Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева (2017-2021). Специальность - журналист.

Басқа жаңалықтар

Back to top button