Аягөз гарнизонының әскерилері қорғау және қорғаныс жоспарына сәйкес дабыл бойынша көтеріліп, терроризмнің алдын алу бойынша дайындықтарын пысықтады. Аталмыш шараға әскери құқық қорғау органдары мен гарнизонның барлық әскери бөлімдері қатысты, деп хабарлайды гарнизонның баспасөз қызметі.
Дабыл белгісімен көтерілген әскерилер жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтірілді. Оқу-жаттығу барысында барлау және бақылау жүргізу жұмыстарымен қатар оқыс оқиғалар мен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тиісті шаралар қажетті уақытында ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, әр әскери бөлім өздеріне сеніп тапсырылған аймақтарға діттеген уақытында жетіп, қару-жарақ қоймалары мен автокөлік және темір жол көпірін қоршауға алып, жағдайды бақылауда ұстады.
Лаңкестік оқиғалардың алдын алу бойынша ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты – қойылған жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде бөлімшелердің іс-қимылдарының үйлесімділігін бағалау және терроризммен күрес бойынша практикалық дағдыларды пысықтау, оның зардаптарын барынша азайту және жою жөніндегі іс-шараларды іске асыру болып табылады.
– Жоспарға сәйкес әскерилер дабыл белгісі арқылы көтеріліп, болуы мүмкін лаңкестік шабуылдардың алдын алу жұмыстары бойынша дайындықтарын пысықтады. Осындай кенеттен тексеру кезінде бөлімшелердің іс-қимылдарының үйлесімділігіне, әрбір жауынгердің өзінің ұрыстағы іс-әрекетін шебер орындауы және өзара байланыс пен басқару мәселелеріне ерекше назар аударылады, – деді гарнизон бастығының орынбасары подполковник Дәулет Сүттібаев.
Жауынгерлік әзірлікте жеке құрамды тосыннан тексеру – бүгінгі күні Қарулы Күштердің шынайы жауынгерлік әзірлігін айқындаудың пәрменді тәсілдерінің бірі, сондай-ақ әскерлердегі істердің шынайы жай-күйін зерделеудің маңызды үлгісі екенін айта кеткен жөн.