БастыДенсаулық

Жас онкологтар, кардиологтар, реабилитологтар мен акушерлер шет елдерден білім алады – ШҚО әкімдігі

Аймақ басшысы Даниал Ахметов облыс әкімдігінің кеңейтілген аппараттық кеңесін өткізді. Онлайн форматта өткен іс-шара барысында облыстың денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі 2020-2022 жылдарға арналған кешенді бағдарламаны іске асыру мәселелері қаралды.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбеков аймақта адами капиталды дамыту міндеттері аясында облыстың медицина қызметкерлерін оқытудың үш деңгейлі бағдарламасы іске асырылып жатқанын айтты.

III деңгей бойынша шетелде облыстың 60 маманын «онкология», «радиология», «кардиология», «кардиохирургия», «неврология», «пульмонология», «акушерлік», «оңалту» бағыттары бойынша оқыту жоспарланған (соның ішінде постковидты пациенттер). Мамандар Ресейдің, Польша мен Израильдің ең мықты клиникаларының базасында оқитын болады.

«Жоғары технологиялар енгізілгендіктен бұл бағыттарды дамыту өте маңызды. Пандемия кезіндегі ауыр жағдайлар, қауіпті инфекцияның жылдам таралуы халықаралық озық тәжірибені меңгеруді талап етті. Тәжірибе алмасуға заманауи жабдықтармен жарақталған және материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген медициналық ұйымдардың белсенді жас мамандары ұсынылды», – деді Е.Омарбеков.

Мысалы, Семей қаласының Ядролық медицина және онкология орталығының жеті маманы (дәрігерлер, медициналық физиктер мен инженер-химиктер) бірнеше ай поляк әріптестерінің тәжірибесін игеретін болады. Кардиологиялық, кардиохирургиялық және неврологиялық профильдегі мамандарды Израильде оқыту жоспарланып отыр Олардың қатарында Өскемендегі Онкологиялық орталықтың 8 маманы бар.

Биыл облыстың 10 реабилитологы білімдерін шетелде шыңдайды. Олардың жартысы Ресей Федерациясында «Постковидная реабилитация» тақырыбында оқиды. Екінші жартысы елімізде терең дамымаған бағыттар бойынша, яғни ересектер мен балаларды оңалту мәселелерін Израильде зерттейтін болады. Олар склероз, бас жарақатынан кейін қалыпқа келтіру, дұрыс тамақтанбау, жарақаттан кейінгі жүйке-жүйенің бұзылуы сияқты дерттер. 

Сондай-ақ, ауылды жерлерде жұмыс істейтін 10 акушер-гинеколог оқытылады.

II деңгей бойынша РФ, Грузия және Кореяның жетекші клиникаларының профессорлары дәріс оқыған екі мастер-класс өтті. Онда «ана мен бала» бағыты бойынша 51 маман білімін жетілдірді. Алдағы уақытта «Радиология» бағыты бойынша Ресейдің білікті мамандары келіп дәріс оқып, тәжірибелерімен бөліседі. 

I деңгей бойынша еліміздің жетекші клиникалары мен университеттерінде өзекті бағыттар бойынша өңірдің 203 медицина қызметкері білім алады.

Бұл ақпараттарды тыңдаған облыс әкімі Даниал Ахметов «ана мен бала», «онкология және радиология», «кардиология» бағыттары бойынша медицина мамандарының біліктілігін көтеру – 2020-2022 жылдарға арналған облыс денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі кешенді бағдарламаның негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты. Сондықтан, бұл мәселе әкімдіктің ерекше бақылауында болады.

Бұдан бөлек, онлайн-кеңесте облысты қолжетімді әрі сапалы интернетпен қамтамасыз ету, ШҚО спортшыларын Токиода өтетін олимпиада ойындарына дайындау және Өскемен мен Семей көшелерін жарықтандыру жүйелерін жаңғырту мәселелері қаралды.

Сонымен қатар, Зайсан ауданының 2020-2024 жылдарға арналған даму жоспарының іске асырылу динамикасы және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыратындарға грант беру мәселесі талқыланды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button