БастыҚоғам

Сержанттар күні атап өтілді

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде бірінші шілде сержанттар күні болып бекітілген. Осы айтулы мерекеге орай Аягөз гарнизонында жеке құрамды даярлауда маңызды рөл атқаратын сержанттар құрамына саптық алаңда құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі.

Мерекеге орай ұйымдастырылған шараны гарнизон бастығы полковник Сәбит Үркінбаев құттықтау сөзімен ашып, құрылғанына 25 жыл толған Сержанттар корпусының шығу тарихы жайында жеке құрамға жеткізді. Сондай-ақ, әскери азаматттардың күнделікті өмірінде сержанттар құрамына жүктелетін міндеттер аз емес екенін, сондықтан да олардың әскердің қай саласында болмасын, алатын орындары ерекше екенін айтып өтті.

Сонымен қатар іс-шарада бір топ сержанттар әскери қызметтегі кәсіби шеберліктері мен біліктіліктері үшін алғыс хаттармен және мақтау грамоталарымен марапатталды.

Айта кетейік, қазіргі таңда сержанттар құрамы Қазақстан армиясының ажырамас бөлігі болып табылады. Қарулы Күштердегі әскери дайындық, бөлімшелердегі әскери тәртіптің жағдайы және жеке құрамның моральдық-жауынгерлік рухы көбінесе сержанттардың кәсіби шеберлігіне байланысты.

Аталмыш шара барысында сержант мырзаларды мерекесімен құттықтаған танк бригадасының сержанттар құрамымен жұмыс жасау қызметінің бастығы 1- сыныпты сержант Алмас Жаңысов бұл мерекенің сержанттар құрамы үшін алар орны ерекше екенін тілге тиек етті.

– Құрметті сержанттар, кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Осы айтулы күні барлықтарыңызды мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Жеке құрамды оқыту, тәрбиелеу жолында қанаттарыңыз талмай, қызметтеріңіз жемісті болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, көк туымыз көгімізде мәңгі желбіресін, – деді 1- сыныпты сержант Алмас Жаңысов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button