
Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының кезектен тыс сессиясында депутаттар биыл 100 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан Ұлы Отан соғысының ардагері, Сталинград, Харьков және Кенигсберг түбіндегі шайқастарға қатысқан ардагерге облыстың «Құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылдады.
Әбдіғали Қаймолдин 1921 жылы 30 маусымда Абыралы ауданы Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген. 1941 жылы мектепті бітіргеннен кейін бірден майданға жіберілді. Онда ол зеңбірекші, зарядтаушы, содан кейін танкке қарсы артиллерияда зеңбірек командирі болды. Сталинград шайқасына, Кенигсберг бекінісі мен Инстербург қамалын басып алуға қатысты. Төрт рет жараланған.
Соғыстан кейін Қаймолдинді Семей ядролық сынақ полигонына қызмет етуге шақырды. Онда ол жабық нысан күзетін басқарды.
Содан кейін Әбдіғали Қаймолдин Ұлттық қауіпсіздік органдарында, аудандық комитеттерде және Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Семей обкомында еңбек етті.
Ардагердің 37 наградасы бар. Оған Қызыл жұлдыз және Отан соғысы ордендері, «Кенигсбергті алғаны үшін» медалі, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және тағы басқа да наградалары берілген.
Әбдіғали Қаймолдин еңбек демалысында болса да ҚР ҰҚК ұжымымен және ардагерлер кеңесімен үнемі байланыста. Жас қызметкерлерге дәріс оқып, тәжірибесімен бөлісіп тұрады.


