«Бабалар үні» этно-фольклорлық дәстүрлі өнер фестивалі өтеді

Елорда төрінде ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері – Майра Әлімғазықызы Ильясованың авторлық жобасы «Бабалар үні» этно-фольклорлық дәстүрлі өнер фестивалі байқауы өтеді.

Фестивальдің мақсаты төл өнерімізді ұлықтап, бабалар үнін жаңғырту. Қазақтың сырлы, сазды әндерін, домбырамызды, ұлттық аспаптарымызды дәріптеу. Мәңгілік мұрамызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізе отырып насихаттап, талантты өнер иелерін анықтау жаңа есімдерді ашу арқылы ұлттық өнеріміздің мәртебесін арттыру.

Ұлт ұлттан тілімен, ділімен, әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен, өнерімен, мәдениетімен ерекшеленеді. Қазақтың әндерін айту үшін алып жүрек, асқан шеберлік керек. Бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде және өзге мемлекеттерде де баба мұрасын ұмытпай, ұлықтап жүрген әншілер, өнерпаздар дәстүрлі әндерімізді нақышына келтіріп орындап, дәріптеп жүрген дарындар қаншама. Қазақтың дәстүрлі әндерін домбыра, сырнай және ансамбльдердің сүйемелдеуімен орындай отырып, кеңінен насихаттау жобаның негізгі міндетінің бірі болып табылады.