Екі аптада жол-көлік апатынан 88 адам көз жұмған

Соңғы 2 аптада 428 жол-көлік оқиғасы болып, 88 адам көз жұмып, 505 адам жарақат алған. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз брифинг барысында айтты.

«Еңбек демалысы кезеңі келісімен автокөлік қозғалысының жиілігі өсіп отыр. Соның әсерінен көліктен келетін қауіп-қатер артты. Кейінгі 2 аптада 428 жол-көлік оқиғасы кезінде 88 адам көз жұмып, 505 адам жарақат алды. Оның ішінде 92 көлік апатында кәмелет жасына толмаған 8 бала қайтыс болып, 102-сі зардап шекті. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің үштен бірі – жаяу жүргіншілер», – деп атап өтті Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз онлайн брифингіде.

Оның айтуынша, тіркеліп жатқан жол апаттарының негізгі себептері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауы.

«Аталған жол-көлік оқиғаларының басты себебі – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауы. Қала сыртындағы жолдарда болатын апаттардың салдарынан болатын кісі өлімінің көрсеткіші жоғары. Мұндағы басты себеп – жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтамауы және қарсы бағытпен жүруі. Ал елді мекен аумақтарында болатын апаттардың негізгі себебі – жаяу жүргінші жолағын кесіп өту ережесінің бұзылуы және жылдамдықты арттыру. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы ережесін сақтау қажеттігін еске салады», – деді Нұрділдә Ораз.