Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласындағы №103 қалалық емханаға барды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Президент медициналық орталықтың ұжымына жедел жәрдем көлігін алуға сертификат табыстады.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Қасым-Жомарт Тоқаевқа елордада алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 36 ұйымның бар екенін баяндады. Оның 16-сы мемлекеттік, 20-сы жекеменшік ұйым. Пандемияның алғашқы толқыны кезіндегі тәжірибе аурудың алдын алуда емханалардың үлкен рөл атқаратынын көрсетті.
Қазіргі таңда елордада 180 мың адам коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін алған. 128 мыңнан астам азамат екпенің екінші компонентін салдырды. Еңбек ұжымдарын вакциналау белсенді жүргізіліп жатыр.
Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін 650 мыңнан астам адамға немесе қала тұрғындарының 60 пайызына екпе егу жоспарлануда.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарындағы вакциналау пункттері 100-ге дейін көбейді, сондай-ақ, сауда және ойын-сауық орталықтарында қосымша 8 пункт қызмет көрсетеді.