БастыБілім

403 елордалық түлек «Алтын белгі» иегері атанды

Нұр-Сұлтанда 403 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Одан бөлек 367 оқушы мектепті үздік аяқтады. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Мектеп түлектерінің алдына бұдан да анағұрлым маңызды мақсаттар қоятын кез келді. Олардың өмірінің жаңа кезеңі басталуда. Бұл, расында, толғанысқа толы әрі жүрегің тулап, қобалжитын сәт. Жастардың көбі қазірден-ақ ұнайтын мамандықтарын таңдап қойды және сол жолда мақсаттарына қадамдап жететін болады.

«Алтын белгі» иелерін құттықтадым. Олардың саны – 403 оқушы. Одан бөлек, 367 оқушы мектепті үздік аяқтады. Бұл оқу жылы бәріне оңай тиген жоқ, соған қарамастан біздің оқушылар республикалық олимпиадалар мен байқауларда, соның ішінде халықаралық деңгейде де 1400 медальді жеңіп алды. Елорданың құрама командасы осымен 14-інші жыл қатарынан жалпы командалық есепте 1-орынды және «Үздік олимпиадалық команда» атағын алды. Мұның бәрі – біздің оқушылар мен мұғалімдердің және ата-аналардың қажырлы еңбегі мен жаңа білім алуға деген талпынысының, ниетінің арқасы.

Әр түлек мақтауға лайық. Мектеп сіздерге болашақтарыңыз үшін азық болар білім берді. Өмірлеріңіздің жаңа кезеңіне сіздер білімнің мол қорымен аяқ басып отырсыздар.

Әрі қарай алдарыңыздан талай асу шығады! Әлі алда көп оқып, жаңа машықтар мен білімді меңгерулеріңіз керек. Талай белесті де бағындырасыздар, бірақ жолыңызда кедергілер де кездесетін болады. Сондықтан ең бастысы – өздеріңізге және өз күшіңізге деген сенімді жоғалтпау. Ештеңе де оңайшылықпен келмейді, тек маңдай тер мен терең білімнің арқасында діттеген ойларыңызға жетіп, өз еліңіз бен қалаңыздың лайықты азаматтары бола аласыздар.

Мемлекет тарапынан сіздердің сапалы білім алып, жайлы жерде оқуларыңыз үшін барлық жағдай жасала береді.

Ал біздің елордамыз сіздердің ең бір батыл бастамаларыңызды жүзеге асыратын, болашақ мықты мамандық иелері болуларыңызға даңғыл жол ашатын астана болып қала береді», — деп жазды елорда әкімі.

Қарлығаш Құрамысова

Құрамысова Қарлығаш Әмірғалиқызы 1998 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 2015-2018 жылдар аралығында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ның "Журналистика және саясаттану" факультетін тәмамдаған. Мамандығы - журналист. 2018 жылы "Егемен Қазақстан" республикалық газетінде тілші, 2019 жылы "Kazislam" ақпараттық порталында SMM-менеджер қызметтерін атқарған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button