БастыҚоғам

«Біздің адам өлтіретін әдетіміз жоқ»: Путин Навальныйды өлтіруге бұйрық берді ме?

Ресей президенті әкімшілігінің сайты Путиннің америкалық Эн-би-си телеарнасына берген сұхбатының толық мәтінін жариялады. Сұхбат барысында Путин Алексей Навальныйдың колониядан тірі шығатынына кепілдік бере ала ма деген сұраққа жауап беріп, Ресей АҚШ-қа қарсы киберсоғыс жүргізіп жатыр деген айыпқа қатысты ойын білдірді. Бұл туралы BBC жазды.

Эн-би-си журналисі Кир Симмонс Путиннен Ресейдегі оппозиционерлерді қудалау жайлы сұрап, оған «Сіз Навальный түрмеден аман-сау шығатынына кепілдік бере аласыз ба?» деп сұрақ қойды.

«Тыңдаңыз, бізде мұндай шешімдерді президент емес, сот қабылдайды – бостандыққа жіберу немесе босатпау. Денсаулығына қатысты жайттарға келер болсақ, бас бостандығынан айыру орындарындағы барлық адамға сол мекеменің әкімшілігі жауап береді», – деді Путин.

«Бір нәрсе айта кетейін, сіз айтқан адамның жағдайы басқа сотталғандардың жағдайымен бірдей болады. Бас бостандығынан айырылған басқа адамдарға қандай шара қолданылса, оған да сондай шара қолданылады. Оны басқалардан «бөліп-жару» болмайды».

Симмонс Путиннің Навальныйдың атын атамай, «оның» дегенін байқап, «Оның есімі Алексей Навальный. Оның түрмеден шығатыны жайлы айтуға дайын емессіз бе?» деді.

«Мені мұқият тыңдаңыз. Қалай атасаңыз да, ол бас бостандығынан айыру орнындағы адамдардың бірі», – деді Путин.

«Яғни мен үшін ол сотталған және бас бостандығынан айыру орнында отырған Ресей Федерациясының азаматтарының бірі.

Айта кетейін, біз ешкімнен эксклюзив жасамауымыз керек, бәрі тең дәрежеде болуы керек. Бұл сіз атап өткен адамға да қатысты», – деді президент.

Кейін журналист Путиннен Навальныйды өлтіруге бұйрық бердің бе деп сұрады.

«Әрине, жоқ. Бізде біреуді өлтіру деген әдет жоқ», – деді Путин.

Сұхбат барысында АҚШ билігінің ресейлік арнайы қызмет американдық нысандарға хакерлік шабуылдар жасады деп күдіктеніп отырғаны, сондай-ақ Мәскеудің Американың президенттік сайлауына араласуы жайлы мәселелер де талқыланды.

Журналист тікесінен: «Президент мырза, Сіз Америкаға қарсы кибершабуыл жүргізіп жатырсыз ба?»- деп сұрады.

Путин мұндай айыптаулардың дәлелсіз екенін айтып,

«Осы күнге дейін біз айыпталмаған нәрсе жоқ: сайлауға араласу, кибершабуыл және т.б. Бірақ олардың бірде-біріне қандай да бір дәлел жоқ, жай негізсіз айыптаулар», – деді Ресей президенті.

– Неліктен бізді әлі күнге дейін бұлар Black Lives Matter қозғалысына итермеледі деп айыптамағандарына таң қаламын. Бірақ, әрине біз мұны істемедік».

Басқа жаңалықтар

Back to top button