
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясы «Халық әні» бөлімінің «Ән самалы» атты XVIII маусымының жабылуына арналған концерті өтті.
«Астана» концерт залында өткен ән кешінің мақсаты – халықтың дәстүрлі музыкалық ән мұрасын насихаттап жүрген өнер иелерінің осы маусымды қорытындылап, сонау Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін жеткен қазақтың ән өнерін көрермен назарына ұсыну еді.
Өткен ғасырдың 1970-80 жылдарында туған лирикалық әндермен өрілген әсерлі концертте белгілі күміс көмей, жез таңдай әншілермен қатар, өнер әлеміне енді ғана еніп, елге таныла бастаған өнерпаздар ән шырқап, көрерменнің ықыласына бөленді.
Қазақтың дәстүрлі ән өнері – халықтың ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, жалғасып келе жатқан рухани қазынасы. Онда ұлттың болмысы, мінезі, дәстүрі мен салты-санасы ұштасқан. Он тоғыз перне мен қос ішектен құйылып келіп, шанақтан төгілетін құдыретті саз-әуен тыңдарманды ұлттық нәрмен сусындатады, рухын оятады.