Бүгін сағат 13:10-да Түркістан облысы Төле би ауданының Айғыржыққан және Өгем өзендерінің қосылған тұсынан 500 метр қашықтықта жоғалған туристердің заттары (жемпір, аяқ қиім, ұйықтауға арналған қап) табылды. Құтқарушылар оларды полиция қызметкерлеріне табыстады. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
Туристердің бірінің анасы табылған заттардың арасынан өз баласының киімін таныды.
Қазіргі уақытта жоғалған екі туристті іздеу жұмыстары жалғастырылуда.
Аймақта «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағымен аэровизуалды барлау жұмыстары жүргізілуде.
Іздеу жүмыстарына Түркістан облысы ТЖ, Полиция департаменттерінен, ҰҚК Шекара қызметінен, Орман шаруашылығынан, Өзбекстан Республикасы ТЖМ жеке құрамынан 137 қызметкер, 17 бірлік техника, 1 тікұшақ және жоғалған туристердің туыстары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстары тоғыз бағытта жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жоғалған үш турист құтқарылып, екеуінің денесі табылған болатын.