БастыҚоғам

Көлгінов: Биыл 300 жас отбасына пәтер кілтін табыстау жоспарланып отыр

Елордада «жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы екі жылдан бері жалғасып келеді. Бұған дейін мыңға жуық жас отбасы пәтер кілтіне ие болған, биыл тағы 300 жас отбасыға пәтер табыстау жоспарланып отыр. Бұл туралы Елорда әкімі Алтай Көлгінов өзінің «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында айтты.

«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде 48 мыңнан астам адам тұр. Былтыр шаһарымызда 3 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Оның 80% – жеке инвестиция. Биыл бұл көрсеткіш 3,2 млн-ға дейін өсу керек.

Елордада «жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы екі жылдан бері жалғасып келеді. Бұған дейін мыңға жуық жас отбасы пәтер кілтіне ие болса, биыл тағы 300 жас отбасыға пәтер кілтін табыстау жоспарланып отыр», деді Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, биыл жеңілдікпен берілетін пәтер алушылар санатын кеңейген. Енді әлеуметтік пәтерлерге тек медицина қызметкерлері мен мұғалімдер ғана емес, әлеуметтік саланың басқа да өкілдері, өрт сөндірушілер, мәдениет және спорт қызметкерлері, полиция қызметкерлері де қатыса алады. Ал тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін арттырылған.

Әкім баспана мәселесі қоғамдағы өткір мәселенің бірі болғандықтан, мемлекет тарапынан жылдан жылға жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

«Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Нұр-Сұлтанда 2019 жылы 2900 әлеуметтік пәтер берілсе, 2020 жылы 7 мыңнан аса пәтер табыс етілді. Ал биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ілгерілеу бар», деді ол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button