Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандық бүлдіршіндерді төл мереке – Балаларды қорғау күнімен құттықтап, Қазақстан балалардың құқықтарын қорғаудың халықаралық жүйесін дамытуға белсенді қатысатынын атап өтті. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Балаларды қорғау күні – бұл жас ұрпақтың қауіпсіздігі, денсаулығы, құқықтары мен бостандықтарына қатысты жауапкершілік туралы тағы бір мәрте еске салатын атаулы күн.
Ел Президенті балалардың құқықтарын қорғау және олар үшін қолайлы жағдай жасау үшін қабылданып жатқан шараларды күшейту міндетін жүктеп отыр. Әлбетте, бұл жұмыстардың барлығы мемлекеттік, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен күнделікті негізде жүргізілуі тиіс», деп жазды министр.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
«Инклюзивті білім беруді дамыту, балаларды секциялар және үйірмелермен қамту деңгейін арттыру, балалар үйлерінің санын азайту, ыстық тамақпен және қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету, балалар үшін қауіпсіз орта құру сияқты кең ауқымды мәселелер көтерілді. Біздің жұмысымыздың басты бағыты – қазақстандық балалардың қауіпсіздігін сақтай отырып, оларға сапалы білім беру», деді Аймағамбетов.