Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Темірлан-Ернат» домбырашылар дуэтін қабылдап, Лондонда өткен дəстүрлі Golden Time Talent халықаралық фестивалінде жеңіске жетуімен құттықтады.
Жүздесу кезінде Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз байқаудың ақтық кезеңіне дайындық барысы қалай жүргені жайында айтып, шығармашылық жоспарымен бөлісті.
Министр Golden Time Talent халықаралық фестивалінің жеңімпаздары еліміздің Токио Олимпиадасындағы мәдениет бойынша Амбассадоры атанғанын хабарлады.
«Біз онлайн форматта тапжылмай тамашалаған Гран-финалдағы Сіздердің жарқын бағдарламаларыңыз көрерменнің жүрек қылын шертіп, ерекше әсер сыйлады. Танымал композитор Антонио Вивальдидің барокко стиліндегі шоқтығы биік «Жыл мезгілдері» топтамасындағы «Жаз» концертін өңдеп, қоңыр домбырамен орындап, халқымыздың киелі аспабын дәріптеп келесіздер. Сіздердің музыкаға деген құштарлықтарыңыз бен тапқырлықтарыңыздың айқын айғағы болған осы жүлде әлемдік деңгейдегі толайым табыстардың бастауы болсын.
Алдағы уақытта да еліміздің рухани-мәдени саласын байыту жолындағы еселі еңбектеріңіздің жемісті болуына тілектеспін»,-деді Ақтоты Райымқұлова.
Сондай-ақ Мəдениет жəне спорт министрі қос өнерпазға шығармашылық шабыт, толайым табыс тіледі.