БастыМәдениет

Нұр-Сұлтанда келесі аптада қандай мәдени шаралар өтеді?

Қазақстанда келесі аптада бірнеше маңызды күн атап өтіледі. Нақтырақ айтқанда, 31 мамыр елімізде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген, 1 маусым халықаралық балаларды қорғау күні, ал 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күні. Елордада осы іс-шаралардың құрметіне орай іс-шаралар, көрмелер, концерттер өтеді. Бұл жиындардың көпшілігі онлайн форматта ұйымдастырылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешені Санкт-Петербург, Иерусалим, Тель-Авив, Тбилиси, Алматы қалалары бойынша зерттеу экспедициялары барысында жиналған материалдар негізінде «Алжирдің бірегей экспонаттары» атты онлайн-көрмесін өткізеді. Сол күні музейдің әлеуметтік желілердегі парақшасында саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарын еске алу мемориалына және «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімін көруге болады. Бірнеше сағаттан кейін мұражай ғимаратында Еуропалық Кеңес пен «АЛЖИР» мұражайы ұйымдастырған «Тоталитаризм құрбандарын еске алу – Еуроодақ пен Қазақстан арасында жаңа көпір салу» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «АЛЖИР» «Карлаг туралы ақиқат» онлайн-көрмесін ұйымдастырады. Сондай-ақ, 1-3 маусым аралығында «Карлаг балалары» туралы дәріс өткізеді. 4 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай мұражайда «Бірлік пен бейбітшілік нышандары» виртуалды көрмесі, ал 4 және 5 маусымда «Мемлекеттік рәміздер – еліміздің нышаны» дәрісі өтеді.

Балаларды қорғау күніне орай, 1 маусым күні сағат 15:00-де «Наз» мемлекеттік би театры «Бақытты болсын балалар» концерттік бағдарламасын өткізеді.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де атаулы күндерден тыс қалған жоқ. Мәселен, 31 мамырда Мичурино тұрғын алабындағы №10 бұқаралық кітапханада, сондай-ақ №2 балалар кітапханасында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, слайдтар мен көрме стендтері барысында өткен ғасырдың зобалаң жылдары болған оқиғалар туралы айтылады.

1 маусымда қалалық кітапханаларда балаларға арналған ойын бағдарламаларын, сайыстар, викториналар, ертеңгіліктер өткізу жоспарланып отыр.

1 маусым күні сағат 19:00-де Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік академиялық филармониясы Ғ.Жұбанова «Под знаком Белы Бартока» атты ішекті аспаптар квартетінің концертіне шақырады.

4 маусымда филармония ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Желбіреген көк туым» классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің концертін ұйымдастырады.

5 маусым күні таңертең «Астана» концерт залының сахнасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «JANA TOLKYN» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының I республикалық байқауы өтеді.

1 маусым күні сағат 11:00-де Астаналық цирк Instagram-дағы ресми аккаунтында (Astanalyqtsirk) цирк әртістерінің өнерін онлайн ұсынады. Ал екі сағаттан кейін цирк «Дети солнца» шарасын тікелей эфирде өткізеді.
Айта кету керек, іс-шаралардың бәрі санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіледі.

Қарлығаш Құрамысова

Құрамысова Қарлығаш Әмірғалиқызы 1998 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 2015-2018 жылдар аралығында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ның "Журналистика және саясаттану" факультетін тәмамдаған. Мамандығы - журналист. 2018 жылы "Егемен Қазақстан" республикалық газетінде тілші, 2019 жылы "Kazislam" ақпараттық порталында SMM-менеджер қызметтерін атқарған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button