
Оқу жылы аяқталды, оқушылар жазғы демалысқа шығады. Осы кезеңде балалардың қауіпсіздігіне, жарақаттануының алдын алуға ерекше назар аудару қажет. Бұл туралы онлайн брифингте Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Спикердің айтуынша, соңғы үш жылда Нұр-Сұлтан қаласында өрттен 7 бала қаза тауып, 14 бала жарақат алды, сол сияқты терезеден құлауының 46 жағдайы тіркелді.
Елордалық ТЖД баланы өрттен қалай қорғауға болатыны туралы кеңес берді:
– Сіріңкені, шырпыларды балалардың қолы жетпейтін жерге қойыңыз;
– Балаларға пеш жағуға, газ бен электр құрылғыларын пайдалануға рұқсат бермеңіз;
– Балаңыздың отпен ойнауына жол бермеңіз;
– Өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріңіз;
– Балаңызға жедел телефон нөмірлерін жаттатыңыз.
«Терезеден құлау жағдайы әсіресе қалаларда баланың жарақат алуы мен өліміне себеп болып жатады. Олар ашық терезенің алдында ойнауға құмар. Терезеден 3-7 жастағы балалар жиі құлайды. Бұл оның қауіпті әлі түсіне қоймайтын шағы. Сол сияқты үлкендердің терезе алдында ойнаудың қауіптілігін түсіндермегенінен болады. Қайғылы оқиғаның басым бөлігі негізінен үлкендердің назарынан тыс қалған уақытта болады. Осыған байланысты ата-аналардың абай болуын, балаларын терезесі ашық бөлмеге жалғыз қалдырмауын өтінеміз», – Еркін Отарғалымұлы.
Баланың терезеден құлауының алдын алу үшін мына ережелерді білу және сақтау қажет:
– Балаңыз үйде болған кезде терезені ашпаңыз;
– Жиһазыңыздың орындарын ауыстырыңыз. Жиһазыңыз арқылы балаңыз терезенің алдына шығып алмасын. Егер бұл мүмкін болмаса терезенің алдында тұрған жиһаздың үстіне шығып ойнауына жол бермеңіз;
– Москит торына сенбеңіз. Ол қауіпсіз болып саналмайды. Қайта москит торы тұрғанда бала өзін қауіпсіз сезініп, соның салдарынан құлап кетуі жиі кездеседі;
– Мүмкіндігінше терезеңізді төменнен емес, жоғарыдан ашыңыз.
– Терезені бала өздігінен аша алмайтындай етіп оған блокаторлар орнатыңыз.



