
Шығыс Қазақстан облысында биылғы өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері 16 рет орман өртенген. Бұл туралы ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, көктем басталғалы өңірде жалпы аумағы 295 гектарды шарпыған 16 орман өрті болды.
«Көп жағдайда тілсіз жаудың шығу себебі – халықтың отты абайсыз пайдалануы, өрт қойып ұмытып кету және сөндірілмеген темекі тұқылы. Өрттің алдын алу үшін құтқарушылар 384 адамнан тұратын 69 мобильді топ құрды. Олардың құрамына жергілікті атқарушы органдар, полиция, азаматтық қорғау қызметкерлері мен орманшылар кіреді. Осы уақытқа дейін 139 рет рейд жүргізілді. Соның нәтижелері бойынша 207 адам ҚР ӘҚБтК-нің 410 және 336-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құрғақ шөп пен қоқысты өртейтіндер жазасыз қалмауы керек. Өйткені бұл ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін», – деп хабарлады ведомство өкілдері.



