
Қырғыз-тәжік шекарасындағы оқиға салдарынан 13 адам мерт болып, 134 адам жарақат алған. Бұл туралы Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Бұл туралы Кабар агенттігі хабарлады.
Ведомство дерегінше, 13 адам қайтыс болған.
Сонымен қатар 25 зардап шеккен адам арнайы бортпен Баткеннен Бішкекке жеткізіліп, Бішкек травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығы, Ұлттық госпиталь және Ұлттық хирургия орталығына жатқызылған. Екі адамның жағдайы ауыр, қалғандарының жағдайы орташа деңгейде және қанағаттанарлық.
Еске сала кетсек, 28 сәуір күні Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында екі ел тұрғындары өзара келіспей, қақтығыс басталды. Қырғызстанның Баткен облысының Баткен ауданының «Головной» елді мекенінде жағдай шиеленісіп кетті. Қырғыз тарапы қақтығыс аймағынан 848 адам көшірілгенін мәлім етті.
Қырғызстан мен Тәжікстан 29 сәуірде сағат 20:00-ден бастап атысты тоқтату туралы келісімге келді.