БастыҚоғам

Ақтауда әйелді өлтіріп, 3 млн теңгесін ұрлаған күдікті ұсталды

Ақтауда әйел адамды өлтіріп, 3 миллион теңгесін ұрлаған қылмыскер ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.

Бұған дейін Ақтаудағы тұрғын үйлердің бірінен әйел адамның мәйіті табылғанын жазған едік.

Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, қанды оқиғаны тергеп-тексеру барысында қаза тапқан әйелдің «Kaspi Gold» картасынан үш миллион теңге сомасындағы қаражаты жоғалғандығы анықталған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында Түпқараған ауданындағы Таушық ауылында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады.

Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Тінту кезінде полицейлер одан 2 миллион 500 мың теңге ақша қаражатын тәркіледі.

Күдікті Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button