БастыДенсаулықҚоғам

БҚО-да карантин күшейтіледі және блокпост қойылады

Батыс Қазақстан облысында 1 мамырдан бастап карантин шектеу шаралары күшейтіледі.

БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері орынбасарының 26 сәуірдегі қаулысымен індетке қарсы іс-шараларды жүргізу үшін периметр бойынша эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес Орал қаласы, сондай-ақ Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Қазталов, Теректі және Шыңғырлау аудандарының кіреберіс жерлеріне блокпосттар орнатылады.

Блокпосттар арқылы кедергісіз өтуге халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлері, медициналық көрсеткіштер бойынша жүріп тұратындар, карантиндік стационарда емделушілер мен бақыланушылар, жүк тасымалдаушылар және транзиттік жолаушылар, ауысым (вахта) жұмысшыларын тасымалдайтын көлік қүралдарына рұқсат беріледі.

Сол секілді көктемгі далалық, табиғат қорғау, ветеринарлық, ауыл шаруашылығы жұмыстары, жолдарды жөндеу, апаттық-құтқару қызметі, аса қажет тауарлар, азық-түлік өнімдері, дәрі-дәрмек, жанар-жағар май жеткізушілер, барлық жүк тасымалымен, шаруашылық өмірін қамтамасыз ететін құрал-жабдық, материалдармен айналысатын адамдар анықтамасы болған жағдайда кедергісіз өтеді.

Тұрғылықты жеріне оралатын (бір отбасы мүшелері), саяжай үйлеріне, омарта, қыстаққа баратын, жақын туысқаны қайтыс болған адамдар, темір жол вокзалы, әуежай, автовокзалға билетті көрсету арқылы барып-қайтушылар аталған санатқа кіреді.

Оған қоса облыс көлемінде «Ashyg» жобасы енгізіледі.

Соған сәйкес БҚО кәсіпкерлер палатасы жобаға қатысуға өтінімдерді қарау үшін және қатысушылардың тізімін әкімдікке жібереді. Жобаға қатысушылар арасында бұзушылықтың алдын алу және кәсіпкерлік нысандары арасында «Ashyg» қосымшасын қолдану, енгізу және пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Жасы 65-тен асқандарға аса қажеттілік болмаса, тұрғылықты жерлерінен кетпеуге кеңес беріледі. Жерлеу шаралары кезінде 20-дан (отбасы мүшелері, туыстар) артық адамның жиналуына жол берілмейді.

Басқа да карантиндік шектеу шаралары сақталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button