БастыҚоғам

Өртке жиі әкеліп соғатын 7 себеп

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары өртке жиі әкеліп соғатын 7 себепті атады.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылдың басынан бері өңірде отты абайсыз пайдаланудан – 96, пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан – 122, электр жабдықтарының ақауы салдарынан 87 өрт шыққан.

Осы ретте, құтқарушылар өртке жиі әкеліп соғатын 7 себепті атады:

1. Қараусыз қалдырылған майшам немесе отты абайсыз пайдалану. Майшамды үй жануарлары қағып кетуі мүмкін. Сондықтан шам қойғышты қолданған жөн. Сондай-ақ бөлмеден шыққан кезде шамдарды сөндіруді ұмытпаңыз. Жанып тұрған майшамды 3 минутқа да қараусыз қалдыруға болмайды.

Темекі шегу кезіндегі абайсыздық – өрт шығуының ең жиі кездесетін себебі. Көбінесе мұндай жағдайға ішімдікке масайған адамдар тап болып жатады.

2. Пісіп жатқан тамақ. Тамақ әзірлеу тұрғын үйді қызыл жалын шарпуының басты себептерінің бірі. Көбінесе тамақ пеш үстінде қараусыз қалғанда өрт болады.

3. Ұзартқыштарды қолдану. Сымдар бір-біріне қосылған кезде олардың шамадан тыс жүктелуі орын алады. Бұл қысқа тұйықталуға немесе өртке әкеліп соғуы мүмкін. Егер сізге көбірек розетка қажет болса, білікті электршіге хабарласыңыз. Ұзартқыш сымдарды тұрмыстық техниканы қысқа уақытқа қосу үшін ғана пайдалану керек және оларды үнемі қосуға болмайды. Сонымен қатар ұзартқыш кілемдер мен есіктердің астынан өтпеуі тиіс. Оны пайдаланып болғаннан кейін бірден ұзартқышты розеткадан суыру қажет.

4. Зақымдалған сымдарды пайдалану. Қандай да бір ақауы бар сымдарды қолдану тоқ соғуға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар сымдардың қызуы тұтанатын заттармен жанасқанда өрт қаупін арттырады. Есіңізде болсын, өрт 30 секундтан аз уақыт ішінде лап етеді, кішкентай ғана жалын алапат өртке айналады. Ұшқындар немесе розетканың қызып кетуі әлсіз байланыстың салдарынан болуы ықтимал. Бұл жағдайда розетканы ауыстырған жөн. Өйткені сақтандырғыштар қысқа тұйықталудан ғана қорғайды.

5. Тұрмыстық техниканы бір орынға үйіп тастау. Электр құрылғыларының айналасында бос орын қалмаған кезде, олардан шығатын жылудың кететін жері болмайды. Барлық электр аспаптары ұзартқыштарды пайдаланбай, қабырғадағы электр розеткасына тікелей қосылуы тиіс. Егер розеткаға бір уақытта бірнеше жылу бөлетін құрылғы қосылған болса, электр желісінің шамадан тыс жүктелуі немесе электр аспаптарының тұтану қаупі туындайды.

6. Қосылып, қараусыз қалдырылған электр жабдықтары. Ешқашанда электр құралдарын қараусыз қалдырмаңыз. Әсіресе үйден бір жаққа шығып бара жатқанда абай болған жөн.

7. Пешті уақтылы тазаламау. Пешті пайдалану кезінде мұржаны тазалап отыру қажет. Күлді толықтай салқындағанша қоқысқа тастамаңыз. Күлдің оты қалмағанына көз жеткізу үшін оған су құйып тексеріңіз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button