БастыҚоғам

Су басу қаупін азайту бойынша қандай іс-шаралар атқарылуда?

2021 жылғы 15 сәуірде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Су тасқыны кезеңінің өтуі және қабылданып жатқан шаралар» тақырыбында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің қатысуымен брифинг өтті.

Министрдің айтуынша, су тасқыны кезеңінің өтуі ерекше бақылауда. Елді мекендерді су басу қаупін азайту бойынша іс-шаралар кешені жүргізілуде.

Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері жергілікті атқарушы органдардың және ТЖМ бөлімшелерінің күшімен Ақмола, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 172 775 текше метр еріген қар суы сорылды. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында 455,9 м су өткізу арналары мен арықтар тазартылды. Ақмола және Қостанай облыстарында инертті материалдар салынған 2900 қап төселді. Жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 39,2 млн. текше метр қар шығарды.

13 сәуірде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары,​ Төтенше жағдайлар министрі, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі пен Ақмола облысының әкімі елорданың шекара маңындағы аумақтарында су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізу мақсатында әуеден бақылау жасады.

Астана су қоймасының, контрреттегіштің және Преобреженск су торабының жағдайы тексерілді.

Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарының құтқару топтарын күшейту үшін Павлодар, Қарағанды және Қызылорда облыстарының өрт-құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдары жіберілді, оның құрамында 146 адам, 31 бірлік техника мен су сорғыш құралдар бар.

27 наурыздан бастап Шығыс Қазақстанда ТЖМ 52859 әскери бөлімінің әскери қызметшілері су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізуде (50 адам, 8 техника). 14 сәуірде Ақмола облысы Аршалы ауданы Жібек Жолы кентіне су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу үшін 52859 әскери бөлімінің әскери қызметшілері (30 адам, 2 техника). жіберілді.

Күн сайын құтқару жұмыстарына ТЖМ бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардан және басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдардан 800-ден астам адам, шамамен 300 техника және 100-ден астам су сорғыш құралдары тартылады.

Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында қар жамылғысы қалың. Бұл өңірлерде 9 мыңнан астам адам тұратын 81 елді мекенді су басу қаупі сақталып отыр.

Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының өзендерінде сең жүру үдерісі жалғасуда.

Мұз кептелісін болдырмау үшін Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында 119 мұз жару жұмысы жүргізілді, 18 тоннадан астам жарылғыш заттар жұмсалды.

Су тасқыны кезеңінің басынан бері Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында температураның күрт көтерілуіне байланысты 46 тұрғын үйді еріген қар суы басты. Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында тас жолдарды 67 рет су шайды.

Сөз соңында Юрий Ильин азаматтарға өрт қауіпті кезеңде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттілігін ескертті. Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері 7 орман өрті және 43 дала алқаптарының жануы тіркелді.  Орман-дала өрттері Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында және Алматы қаласында орын алды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button