
Көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің сайтында Көліктегі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды.
Құжат аясында «Ішкі және халықаралық авиарейстердегі карантиндік талаптар туралы» Көліктегі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 26 қарашадағы № 71 қаулысына бірқатар өзгеріс енгізіледі. Атап айтқанда, қызыл аймақтағы өңірлерде әуежай ғимараттарына күтіп алушылар және шығарып салушыларды кіргізуді шектеу ұйғарылды.
Одан бөлек, «Қазақстан Республикасындағы темір жол қатынастарында шектеу карантиндік шаралары және оларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы» Көліктегі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 24 тамыздағы № 55 қаулысына қызыл аймақтағы өңірлерде теміржол вокзалы ғимараттарына күтіп алушылар және шығарып салушыларды кіргізуді шектеу жазылған.


