БастыДенсаулық

Бақытжан Сағынтаев: Биыл дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды

Алматыда медициналық заттар мен дәрі-дәрмектен тапшылық болмайды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты.

«Өткен жылы біз дәрі-дәрмек қорын құрдық. Кейін Үкімет өзге өңірлерге де сондай қор құруды тапсырды. Бастапқыда біз қорға 10 млрд теңге бөлдік. Оның 5 млрд дәріханаға, 5 млрд теңгесі стационарға деп бөлінді. Кейін «СҚ-Фармацияның» жұмысы дұрыс жолға қойылып, олар біздің стационардың барлығын толықтай дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін болды. Сондықтан стационарға деп бөлген 5 млрд теңгені қайта алдық. Қазір бұл қорды дәріханалардағы дәрілердің мөлшерін қажетті деңгейде қамтамасыз ету үшін ұстап отырмыз. Қор аясында 48 млн дана дәрі алынды. Оның жартысы сатылды. Қазір 8 млн дәріден түсірмей ұстап отырмыз»,-деді Сағынтаев.

Қала әкімі жақында дәрі-дәрмек сататын ұйым басшыларымен кездескенін айтты. Алматыда қазір дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Дегенмен наурыз айының басымен салыстырғанда қазір дәрі айналымы 10-15 пайызға артқан.

Сонымен қатар, ол қалада маска да жеткілікті екенін айтты. Жеткізуші мердігерлерде қазір 30 млн маска бар. Компаниялар аптасына 1 миллион маска өндіреді.

«Жедел жәрдем қызметіне жаңа көліктер алдық, оған қоса МРТ, КТ, ИВЛ және басқа да тексеру аппараттары жеткілікті деңгейде.Сондай-ақ кадр мәселесі де шешілген, сондықтан алаңдауға негіз жоқ»,- деді қала әкімі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button