БастыЭкономика

286 отбасы тамшылатып суару технологиясын пайдалану арқылы миллионер атанды

Түркістан облысында 286 отбасы тамшылатып суару технологиясын пайдалану арқылы 1 миллион теңгеден табыс тапты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты.

«Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 843,4 мың гектар. Біз егістікті әртараптандыруға көңіл бөліп отырмыз. Оның ішінде биыл картоп, көкөніс, бақша дақылдарының аумағы 5 мыңнан астам гектарға, майлы дақылдар 9 мыңнан астам гектарға, мал азығы дақылдары 3 мың гектарға артты. 2021 жылғы өнім үшін егілген 177,6 мың гектар күздік бидайдың жағдайы жақсы. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді қолдауға 21 мың ауыл шаруашылығы техникасы толық дайын. Жаздық егістік енді басталып, 12 пайыз орындалды. Агроқұрылымдар жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген», – деді ол.

Облыс басшысының айтуынша, көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 37 мың тонна жанармай бөлінген. Ақпан, наурыз айында қарастырылған жанармай құны толық төленіп, агроқұрылымдарға литрі 158-159 теңгеден беріліп жатыр.

«Дала жұмыстарын несиелендіруде әсіресе «Аграрлық несие» корпорациясы жақсы жұмыс істеп жатыр. 4,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 3 млрд теңгесіне өтінім түсіп, мақұлданды. Мұнан бөлек осы жылы өсімдік шаруашылығын қолдауға 7,4 млрд теңге бағытталып отыр. Облыстың климатқа байланысты біз бір алқаптан жылына 2-3 рет өнім алу жобасын іске асырудамыз. Былтыр бұл бағытта 2 мыңдай жоба жүзеге асырылды. Одан 268 мың тонна өнім алынды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығында қосымша 18 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Осы жобаның тиімділігіне орай биыл тағы 6 мың гектар қосылады. Сондай-ақ жеке үй іреісіндегі қосалқы шаруашылықтарда тамшылатып суғару технологиясын қолға алып жатырмыз. Нәтижесінде былтыр 286 үй іргесіндегі жерді өңдеп, отбасылардың әрқайсысы 1 млн теңгеден табыс тапты. Оған «Еңбек» бағдарламасын пайдаланып жатырмыз», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Басқа жаңалықтар

Back to top button