«ІV тоқсандағы ең басты мәселе – санитарлық талаптарды қатаң сақтау. Бүгінгі күні білім басқармалары, мектеп әкімшілігі, мектеп басшылығы барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау нормалары бойынша жұмысын жалғастыруда. Сонымен қатар, әр оқушы, әр педагог өзінің жеке бас гигиенасын сақтау мәселесін де ұмытпауы керек. Мектепте сабақтар қатаң тәртіпті сақтай отырып жалғасады», – дейді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.
Оның айтуынша, асханалардың, мектеп-интернаттардың жұмысы жергілікті бас санитар дәрігерлердің қадағалауымен жалғаса береді.
«Ата-аналарға айтқым келетіні, ІV тоқсанда мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ. Оқушылар өздеріне қолайлы, ұқыпты және таза киім киіп, мектепке баруына рұқсат етілген. Қай пәннің қалай өтетінін әр мектеп өз жағдайына қарай іске асырады. Министрлік қай пәндерді қашықтан оқытуға болатыны туралы ұсыным жолдады. Онда музыка, көркем еңбек, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік және бизнес негіздері, информатика пәндерін қашықтан оқытуға болатыны көрсетілген. Дене шынықтыру пәні штаттық форматта таза ауада жүргізілуіне рұқсат етілді», – дейді ол.