«Ұлытау» этно-рок тобы АҚШ-тағы байқауда жеңіске жетті

«Ұлытау» этно-рок тобы АҚШ-тағы әлемнің 83 елінен музыкалық топтар додаға түскен DJOOKY Music Awards халықаралық байқауында рок/металл санаты бойынша жеңіске жетті. Өнер ұжымы Махамбет Өтемісұлының «Жұмыр қылыш» күйін орындаған.

Сүйінші жаңалықты ӨКҚ алаңында өткен брифинг барысында «Ұлытау» тобының продюсері Қыдырәлі Болман, сондай-ақ топ мүшелері Серік Сансызбаев, Әсел Исаева, Максим Кичигин, Рүстем Баекеев, Жанболат Әділов, Әли Ибрагимов хабарлады. Лос-Анджелесте өткен өнер бәйгесіне әлемнің 83 елінен 13 музыкалық бағыт бойынша мыңдаған музыкант қатысты.

Топ продюсері Қыдырәлі Болман Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымақтастығы І орын алуға мүмкіндік бергенін атап өтіп, қала тұрғындарына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.

Байқау жеңімпаздары туындыны Сapital Studios музыкалық орталығында (АҚШ, ЛА) танымал америкалық продюсер Брайан Малуфпен жазу құқығына ие болғанын айта кетейік. Ал бәйге қорытындысы: 50% – көрермендердің дауыс беруі, 50% – америкалық продюсер Брайан Малуфтың шешімі арқылы шығарылды.