Елімізде спорт саласы ақсап тұр
Елімізде балалардың 65%-ы спортпен айналыспайды.Себебі тегін секцияларда орын жоқ, ал ақылы үйірмелер қымбат. Бұл туралы мәжіліс депутаты Сергей Решетников мәлімдеді. Салдарынан 7-16 жас аралығындағы әрбір бесінші жеткіншекте семіздік ауруы кездеседі. Сондай-ақ көз ауруы да белең алып барады деп дәрігерлер дабыл қағуда. Себеп -қимыл-қозғалыстың аздығы, физикалық белсенділіктің төмендігі.

«Қазір 7-16 жас аралығындағы әрбір бесінші балада семіздік ауруы кездеседі. Гаджетке көп телміргеннен көз ауруы да жыл сайын артып келеді. Фасфуд жеу, тез дайындалатын тағамдарға әуестік әсерінен, дұрыс емес тамақтану дағдыларының кесірінен қант диабеті де балалар арасында жиі кездеседі» ,-дейді жоғары санатты педиатр, офтальмолог Раушан Құлжабаева.
Ал ҚР Мәжіліс депутатыСергей Решетников: «Аула спортына көбірек көңіл бөлу керек. Әр үйдің жанында спорттық секциялар жұмыс істесе, әр балаға қолжетімді болса деймін. Ауылды жерлердегі кейбір мектептерде тіпті спортзал жоқ. Мықты жаттықтырушы, мықты маман дайындау жағы да ақсап тұр. Спортқа қызықпайды деп ата-ана мен баланы кінәләй алмаймыз. Үкімет мүмкіндік жасау керек»,-деп мәжілістің жалпы отырысында үкіметке депутаттық сауал жолдады.
Елімізде жасөспірімдерге арналған спорттық орталықтар -107.Балалар спорт клубы – 579. Бұл Республикадағы 17 жасқа дейінгі 6 млн жасөспірім үшін жеткіліксіз. Сондықтан биыл балалар мен жасөспірімдерді бұқаралық спортқа тарту және спорт клубтарын көбейту мақсатында бюджеттен 10 млрд теңге қаражат бөлінді. Ал халық қалаулысыбалалар спортына бөлінген қаражаттың дұрыс бағытта жұмсалуын қадағалау керек екенін алға тартып отыр. Түйткілді толыққанды шешу үшін, әлі талай жұмыстар атқаруға дайын екенін де жеткізді. Ол осы мәселені реттеу үшін мынадай ұсыныс тастады:
Біріншіден, өңірлердегі спорттық үйірмелерді көбейтіп, керек-жарақпен толықтай қамтамасыз ету. Уақытын бекітіп, дедлайн қойып, сапасын тексеріп алу керек.
Екіншіден, жаттықтырушыларды көбейту, олардың квалификациясын көтеру, қажетті оқулықтарды арттыру. Әрбір дене шынықтыру мұғалімі психологиялық-педагогикалық білім алған, балалармен жұмыс істей алатын маман болуы керек.
Үшіншіден, ұлттық спортқа көңіл бөлу, түрлі олимпиадалар мен іс-шараларды ұйымдастыру. Ұлттық спортқа бағытталған секциялар ашу.
«Ал ең маңыздысы, ақпараттың ашықтығы. Халық алдында бөлінген қаражаттың қайда жұмсалғаны жөнінде есеп беру керек. Арнайы сайтқа дәлелді құжаттарды енгізу қажет»,-дейді ол.
Тек балалар спорты емес, жастардың спорт саласында да кемшін тұстар көп. Мәселен, жоғары оқу орындарынан дене шынықтыру пәнін алып тастау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұған дейін оқу бағдарламасына сәйкес, бұл пән аптасына 2 рет жүргізілетін. Демек, студенттер қазіргідей қимыл-қозғалыс аз жасалатын технология заманында аптасына 2 рет физикалық белсенділігін арттыру үшін жұмыс жасайтын еді. Ал енді спортпен айналыспайтын жастардың денсаулығы қалай болмақ?
Одан бөлек, әр жоғары оқу орнында «дене шынықтыру» кафедрасы жұмыс істеп келді. Әр кафедрада шамамен 20-40 мұғалім қызмет етеді. Сонда осы сала бойынша арнайы білім алған қаншама маман жұмыссыз қалмақ па? Жұмыссыздықтың артында өзге де қаншама проблема жатқаны айтпаса да түсінікті.
18-20 жас аралығы студенттің өз-өзін қалыптастыратын, спорттың арқасында шыдамдылықты арттырып, ерік-жігерін жанитын кезең. Әрбір ағзаның дұрыс жұмыс істеуі жас буын үшін өте маңызды. Әйтпегенде, дені сау ұрпақ азайып, жұмысқа қабілетті ел азаматтарының қатары төмендемек. Ол еліміздің қай саласына да зиянын тигізері сөзсіз. Сондықтан «дене шынықтыру» пәнін қалдыру бойынша биліктен мәселені қайта қарауды сұраймыз!
ҚазҰҚПУ «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының аға оқытушысы
Жүрсінбекова Ғалия Асылханқызы