
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті өңірлік коммуникациялар қызметінде көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын баяндады. Жол картасы дайын. Ақтөбе облысында барлығы су басу қаупі басым 30 елді мекен бар. Онда 11 мыңнан астам адам тұрады.
«Өзен арнасы тасып, қар тез ерігенде ғана қауіп төнуі мүмкін. Бірақ биыл үш ірі су қоймасында да су аз. Мәселен, Ақтөбе су қоймасы 21, Қарғалы 13 пайызға ғана толды. Себебі күзде жаңбыр аз жауып, ылғалдылық 28 мм құрады. Қажетті норманың тек 62 % көрсетті. Сонымен бірге тоң 77 см құрап отыр. Кеше ғана қар жауды. Оның әсерін наурыз айында нақты айта аламыз», – деді Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаменті, төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Құмар Тұрмағамбетов.

