Жетісайда үш баланы қағып, қашып кеткен тұрғын ұсталды
Түркістан облысында кәмелетке толмаған балаларды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен күдікті ұсталды.
14 ақпанда Түркістан облысы Жетісай ауданында кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алып, әлеуметтік желіде оған кінәлі күдіктінің іздестіріліп жатқаны туралы ақпарат тараған еді.
Бүгін жергілікті полиция қызметкерлерінің тиянақты жұмысының нәтижесінде күдікті ұсталды.
Нақтырақ айтар болсақ, 14 ақпанда Жетісай аудандық полиция бөліміне ауруханадан түрлі дене жарақатымен 3 бірдей кәмелет жасына толмаған баланың жеткізілгені туралы хабарлама келіп түскен. 16 және 13 жас шамасындағы балалар түрлі дене жарақатымен емханада ем қабылдаса, небары 4 жасар бүлдіршін жансақтау бөліміне түсіп, кейін көз жұмды.
Аталған жайт Жетісай аудандық полиция бөлімінде екі бірдей баппен, ҚР ҚК 345-бабы және күдіктінің оқиға орнын тастап кеткені үшін ҚР ҚК 347-бабы бойынша тіркелді.
Бұл қылмысты жедел ашу мақсатында аудан полицейлері күдіктіні анықтауға қатысты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді.
Оқиға орнын тиянақты тексерген тәртіп сақшылары сол орыннан белгісіз автокөліктің артқы жарық шамдарының сынықтары мен айна сынықтарын алды. Бұл заттар «Ауди-100» маркалы автокөлігіне тиесілі және көліктің түсі сұрғылт қара болуы ықтимал деп болжанып, іздестіру жұмыстары жасалды. Нәтижесінде оқиғаға қатысты күдікті ретінде жасы қырық шамасындағы Жетісай қаласының жергілікті тұрғыны ұсталды.
Полицейлердің көлікке қатысты жасаған болжамы да расталып, күдіктінің «Ауди 100» маркалы автокөлігі бар екені анықталды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Ал көлік айып тұрағына қойылды.