Бастыпроисшествие
Алматы облысының полицейлері 400-ден астам құқықбұзушылықты анықтады
Алматы облысының аумағында тәртіп сақшылары 2021 жылғы 1-5 ақпан аралында «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасын жүргізді. Арнайы шараның басты мақсаты – елімізге келген шетелдіктердің қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауын бақылау, тиісті рұқсаттарын беру мен азаматтық алу істеріне қолдау көрсету.
«5 күн ішінде еліміздің заңнамасын бұзудың 422 дерегі әшкере болды. Заң талаптарын өрескел бұзған 151 шетелдік азамат елден тысқары шығарылды. Жеке басын куәландыру құжаттары жоқ 80 адам қабылдау-тарату орнына қамалды. Елімізде жүру құқығына иелік етпеген 13 ТМД азаматы ел шекарасынан шығарылды»,- деді Алматы облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Елмұрат Нұрсейітов.
Жедел шара барысында полицейлер заңсыз көші-қон ұйымдастырудың 3 дерегін анықтаған. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, істің мән-жайы анықталуда. Сонымен қатар, 183 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әртүрлі сомада айыппұлдар арқалаған.