БастыДенсаулық

Жандарбек Бекшин коронавирусқа қарсы вакцина салдырды

Бүгін Алматыдағы №5 қалалық ауруханада денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары вакцина салдырды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин және қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нариман Табынбаев алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы Спутник V» вакцинасын салдырды.

«Мен мүлдем уайымдап тұрғаным жоқ. Себебі аталған вакцина қауіпсіздіктің бірінші кезеңінен сәтті өтті. Ресейде екі миллионнан астам адам вакциналанды. Сондықтан, алаңдаушылық жоқ. Бұл вакцинаның сапасына, тиімділігіне еш күмән келтірмеймін», – деді Жадарбек Бекшин вакцинация алдында.

Сонымен қатар, ол қазақстандық вакцина QazCovid-In клиникалық сынақтардың тағы бір кезеңінен өтіп жатқанын айтты.

Еске салайық, бірінші кезеңінде вакцина инфекциялық аурулардың жедел медициналық көмек, жансақтау, қабылдау бөлімшесінің қызметкерлері мен санитарлық эпидемиология қызметкерлеріне салынады.

Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектеп, жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарының мұғалімдері, медициналық қызметкерлерге егіледі.

Үшінші кезең 1 сәуірден басталады. Ол кезде мектеп, интернат мұғалімдері, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері, студенттер мен созылмалы ауруы бар науқастар қамтылады.

Айта кетейік, Ресейде дайындалған «Спутник V» вакцинасының 2050 дозасы кеше Алматыға жеткізілген болатын.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров халықты иммундаудың маңыздылығын атап өтті.

«Вакцинация – бұл пандемиямен күрестегі шешуші қадам. Бүгін мен оның маңыздылығын, қауіпсіздігін көрсету үшін вакцинаны қабылдадым. Жақында өзіміздің отандық вакцина егуге дайын болады. Біз ғалымдарға сенеміз. Сондықтан мен қала тұрғындарына – барлығына осы қадамды жасауға кеңес беремін. Вакциналау жүріп жатқан кезде біз маска тағуды, әлеуметтік арақашықтықты сақтауды жалғастыруымыз және вируспен күресудің басқа шараларын қолдануға тиіспіз», — деді Е. Бабақұмаров.

Басқа жаңалықтар

Back to top button