
Ертіс ауданы әкімдігінің мәлімдеуінше, мемлекеттік ұйымдар мен кәсіпорындар сағат 9:00-ден 16:00-ге дейін жұмыс істейді. Ауданның 10 мектебі, қосымша білім беру мекемелері қашықтықтан оқытуға көшірілді. Аудан орталығындағы балабақша жұмысын тоқтатты. Ауылішілік жолдарда қоғамдық көлік жүрісі шектелді. Монша, сауна, діни және спорттық нысандар екі аптаға жабылады.
Жыл басынан бері Ертіс ауданында коронавирус инфекциясының 83 жаңа жағдайы тіркелді. Оның ішінде 5 бала бар. КВИ жұқтырғандармен байланыста болғандар саны – 157.
Сондай-ақ, Май ауданының Көктөбе және Кеңтүбек ауылдарында 2 апталық жаңа карантин шектеу шаралары енгізілді. Аталған ауылдарда санитарлық бекеттер орнатылып, сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін қозғалыс , соның ішінде жаяу жүру де шектеледі.
Ауыл әкімдері мен ауданның полиция бөліміне бетперде тағу режимі мен әлеуметтік қашық, карантин ережесінің сақталуын бақылау, жасырын түрде өтетін отбасы басқосуын анықтау және оларға жол бермеу тапсырылды.