
Португалия үкіметі шекарасын жабу туралы шешім қабылдады
Португалия үкіметі коронавирустың таралуын болдырмау үшін Испаниямен шекараны жабу туралы шешім қабылдады.
Euronews-тің хабарлауынша, бұйрық жұма күні күшіне енеді және екі апта бойы қолданыста болады. Сондай-ақ 14 күн ішінде билік азаматтардың елден әуе және жер үсті көлігімен шығуына шектеу қояды. Бұған дейін республика Парламенті төтенше жағдай режимін 14 ақпанға дейін ұзартқан болатын.
Эпидемиямен күресу шаралары адамдардың жүрісін шектейді. Сонымен бірге зейнеткерлікке шыққан дәрігерлерді ауруханаға қайта жұмыс істеуге жұмылдыруға мүмкіндік береді. Билік соңғы уақытта елде инфекцияның таралу қарқыны артып келе жатқанына қатты алаңдаулы.
Соңғы тәулікте елде COVID-19 салдарынан 303 науқас қайтыс болды. Бұл Португалиядағы эпидемия басталғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш. 24 сағат ішінде 16 432 адамда коронавирус анықталды.
Жаңа Зеландия келесі жылға дейін шекарасын ашпайды
Індет басталғалы 5 млн-ға жуық халқы бар мемлекетте 2 мыңнан аса азамат вирус жұқтырып, 25 адам қайтыс болған.
⠀
Жаңа Зеландияда екпені жаппай салу жұмысы жазда басталады. Ел Премьер-министрі егер осы жұмыс нәтижелі болып, COVID-19 жұқтырғандар анықталмаса ғана сырт елдермен байланыс жанданатынын айтты.
⠀
«Екпе салу бойынша ешқандай мәселе болмайды деп санаймын. Ең алдымен оны шекарашылар, індетке қарсы күресетін топ өкілдері және олармен тығыз байланыста болатындар алады. Оған 3 аптадай уақыт кетер, сосын қауіпті топқа жататындар егіледі, жылдың ортасына қарай жаппай салуға кірісеміз», – деді ел Премьер-министрі Джасинда Ардерн.
Германия үкіметі саяхатшыларының елге келуіне тыйым салмақшы
Германия үкіметі коронавирус көп анықталып жатқан мемлекеттердің саяхатшыларының елге келуіне тыйым салмақшы.
Бұл ретте тізімде Португалия, Ұлыбритания, ОАР, Бразилия сияқты мемлекеттер тұр. Шекарадан өтуге рұқсат тек жүк тасымалдаушыларға ғана берілуі мүмкін. «Бізге тап қазір әрекет ету керек»,-деп мәлімдеді Ішкі істер министрі Хорст Зеехофер.
«Қолда бар ақпараттарға қарағанда, біз алдағы уақытта жоспарымызға сәйкес келетін шешімдерді жалпыеуропалық деңгейде қабылдай алмаймыз. Сондықтан да біз қазір ұлттық деңгейдегі шараларды қолға алып жатырмыз», – деді ол.
Норвегия өзінің шекарасын жабатыны туралы мәлімдеді
Жұма күні билік өкілдері өздерінің нақты ұстанымдарын хабардар етеді. Норвегия өзінің шекарасын жабатыны туралы мәлімдеді. Елге кіру тек аса қатты қажеттілік туындағанда ғана рұқсат етіледі. Билік өкілдері тауар тасымалдауға рұқсат берді. Сонымен қатар Швеция мен Финляндиядан келетін медицина мамандарының елге кіруіне болады.
Премьер-Министр Эрна Сульберг: «Қаңтардың 29-на қараған түні біз Норвегияға кірудің ең қатаң ережелерін енгіземіз. Іс жүзінде шекара біздің елімізде тұрмайтын азаматтардың барлығы үшін жабылады»,-деді.
Ол сонымен қатар аса қажетті тауарлар бұрынғысынша Норвегияға жеткізіле беретінін және ерекше қажет қызмет түрлері де көрсетілетінін айтты. Ал, еңбек мигранттары келесі аптада елге келе алмайды. Бұл тәртіп екі аптадан соң қайта қаралады.
Лондон Африка мемлекеттерінен келушілерге міндетті карантин енгізбек
Лондон болса, Біріккен Корольдікке Португалиядан, Оңтүстік Америка елдері мен Африка мемлекеттерінен келушілерге міндетті карантин енгізбек. Адамдар 10 күн бойы мейманханадан шықпай жатады. Тәртіп бұзғандарға айыппұл салынады.
Мұндағы мақсат – Корольдікке жаңа және өте қауіпті вирус штамдарын жұқтырғандардың ауруды елге таратуының алдын алу. Егжей-тегжейлі жоспарды билік өкілдері келесі аптада ұсынбақ.