БастыДенсаулық

2021 жылдың соңына дейін 6 млн жуық қазақстандықты вакциналау көзделген

Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында  баяндады, деп хабарлайды Kaznovosti.kz

Алексей Цойдың айтуынша, Мемлекет басшысының КВИ-ге қарсы вакцинацияны жеделдетіп бастау жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында мынадай жұмыстар жүргізілуде:

  • 2021 жылғы 19 қаңтарда Қарағанды фармацевтикалық кешені мен Ресей тікелей инвестициялар қоры арасында «Спутник V» вакцинасының 20 мың дозасын жеткізуге арналған шартқа қол қою жоспарлануда;
  • Биылғы 20 қаңтарда арнайы тәртіп бойынша сатып алуды жүргізу үшін бір жолғы әкелуге рұқсат беру және ҚР ДСМ-нің СҚ-Фармацияға хат жіберуі жоспарланып отыр;
  • Осы жылғы 1 ақпанда – егуге жататын халық топтарын КВИ-ға қарсы вакцинациялауды бастау көзделген.

Вакцинациялау вакцинаның келіп түсуін ескере отырып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте контингенттер мынадай түрде бөлінген:

  • I кезең – инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қарқынды терапия бөлімі, медициналық-санитариялық алғашқы көмек, ауруханалардың қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері жатады – 100 000 адам — 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап;
  • II кезең – жалпы білім беретін мектептердің, арнаулы орта оқу орындарының, жоғары оқу орындарының педагогтары, ведомстволық медициналық қызметінің медицина қызметкерлері – 150 мың адам — биылғы наурыздан бастап;
  • III кезең – мектеп-интернаттар, балалардың мектепке дейінгі мекемелері педагогтары, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам — биылғы сәуірден бастап;
  • IV кезең – Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінің қызметкерлері, басқа стационарлардың медицина қызметкерлері, БМДМ персоналы және созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам — биылғы мамырдан бастап;
  • V кезең – медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен персоналы, балалардың жабық мекемелерінің қызметкерлері және созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам, биылғы маусымнан бастап;
  • VI кезең – тәуекел тобындағы қалған контингент – 600 мың адам, биылғы шілде айынан желтоқсанға дейін.  Осылайша, жыл соңына дейін 6 млн қазақстандыққа вакцина егу жоспарланған.

Министрдің сөзінше, бірінші кезеңде 2 млн адамды вакцинациялау эпидемияның дамуына оң әсер етеді.

«Біздің есептеуімізше, 2 млн адамды вакцинациялау тіркелген жағдайлардың санын 40 мыңға азайтады. Тиісінше, вакцинациямен қамту неғұрлым жоғары болса, КВИ-мен сырқаттанушылық пен өлім-жітім азаяды және шектеу шаралары мен локдаунсыз өмірге оралу ықтималдығы артады. Пандемияның дамуының осы кезеңінде бүкіл әлем өзін-өзі оқшаулау мен карантинге жалғыз балама – вакцинация екенін түсінді», – деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Басқа жаңалықтар

Back to top button