ҚР Еңбекмині Қызылорда облысында жол-көлік оқиғасын тергеу үшін комиссия құрды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – ҚР Еңбекмині) Қызылорда облысындағы Қызылорда-Құмкөл тас жолында орын алған, нәтижесінде 5 адам қаза тапқан ірі ЖКО-ның мән-жайларын тексеру үшін комиссия құрды, деп хабарлайды Kaznovosti.kz
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылғы 13 қаңтар күні сағат 14:30 шамасында Қызылорда-Құмкөл тас жолының 69 шақырымында «СНПС-Айдан Мұнай» АҚ-қа тиесілі «Mersedes-Benz sprinter» автокөлігі мен «СПМК» ЖШС-ға тиесілі «Toyota Hilux» автокөлігі соқтығысып, нәтижесінде оқиға орнында «СНПС-Айдан Мұнай» АҚ-ның 1 жұмыскері және «СПМК» ЖШС 2 жұмыскері қаза тапты.
«Оқиға орнынан «жедел жәрдем» қызметі жоғарыда аталған компаниялардыңзардап шеккен 8 жұмыскерін қалалық ауруханаға жеткізді, олардың ішінде ауруханаға барар жолда «СНПС-Айдан Мұнай» АҚ-ның 1 жұмыскері қайтыс болды, «СПМК» ЖШС-нің 1 жұмыскері ауруханада қайтыс болды, «Бастау-S» ЖШС-нің 1 жұмыскері реанимация бөлімшесіне жатқызылды, «СНПС-Айдан Мұнай» АҚ-ның 1 жұмыскері амбулаториялық ем алу үшін үйіне жіберілді, қалған 4 жұмыскер ауруханаға жатқызылды», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
ЖКО салдарынан жалпы 5 адам қаза тауып, 6 адам түрлі жарақат алды.
Топтық жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептерін тексеру үшін Еңбекмині Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының өкімімен Қызылорда облысының бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төреахмет Жолымбетовтың төрағалығымен арнайы комиссия құрылды.
Тексеру нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.