БастыСпорт

Спорт және дене шынықтыру саласындағы жыл қорытындысына арналған жиналыс онлайн режимде өтті

Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова онлайн форматта 2020 жылды қорытындылауға арналған жиналыс өткізді, деп хабарлайды Kaznovosti.kz.

Басқосуға Министрлікке бағынысты ұйым басшылары, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылары қатысты.

Ақтоты Райымқұлова спорт саласында биыл атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айтылған «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет» -деген бағытты іске асыру мақсатында жергілікті атқарушы мекеме, спорт түрі федерацияларымен бірлесіп, жұмыс істеуіміз керек.

Осы жылы пандемия барлық салаға әсерін тигізді. Оның ішінде спорт та бар. Қаншама жарыс өтпей қалды, қанша спортшы сайысқа түспеді, бақ сынай алмады. Десек те, алдағы уақытта талай дүбірлі додада басымыз қосылады, деп сенемін.

2020 жыл қазақ күресі, құсбегілік және асық атумен қатар, тоғызқұмалақтың да ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енуімен еске қалады. Сонымен қатар осы жылы алғаш рет Спортшылар этикасы əзірленіп, бекітілді. Допингке қарсы зертхана, республикалық оқу-əдістемелік жəне сараптама орталығы, спортты дамыту дирекциясы қызметкерлерінің жалақысы екі есе көбейді. Қазақ күресі ассоциациясы құрылып, бұқаралық спортты дамыту мен насихаттауға бағытталған «Белсенді ел» жобасын іске қостық. Қазір өңірлерде 14 спорт жəне сауықтыру кешені пайдалануға берілді»,-деді.

Осыдан кейін министр жаңа жылдағы іс-шараларға тоқталды.

«Келер жылы Қазақстан спортшылары 32-ші жазғы Олимпиада, 16-шы жазғы Паралимпиада, 24-ші жазғы Сурдлимпиада, 4-ші Көшпенділер ойындарына және басқа да халықаралық жарыстарға қатысады. Қазір еліміз қоржынында жазғы Олимпиадаға спорттың 17 түрінен 42 лицензия бар. Олимпия ойындары басталғанға дейін 88 лицензия ұтып алу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар елімізде төрт жылда бір рет өтетін 5-ші жазғы жастар ойындары, 7-ші «Ақ бидай» ауыл ойындары, 3-ші қысқы ауыл жасөспірімдері ойындары, 5-ші қысқы Спартакиада, 6-шы тірек қимыл жүйесі зақымданған және көру қабілеті нашар спортшылар спартакиадасы ұйымдастырылады»,-деді.

Сондай – ақ Ақтоты Райымқұлова сыбайлас жемқорлыққа жəне допингке қарсы күрес бойынша атқарылған жұмысқа тоқталды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен 2019 жылдан бастап бүкіл республика аумағында «Адалдық алаңы» жобасы сәтті іске қосылды. Өз кезегінде, Министрлік жетекшілік ететін салаларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын жандандыру мақсатында осы маңызды және уақтылы бастамаға қосылу туралы шешім қабылдады. 2019 жылы Министрлік пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасында «Мәдениет және спорт министрлігі – Адалдық Алаңы» жобасы туралы келісім жасалды.

Осы жылы пандемияға байланысты спортшылармен және қызметкерлермен допингке қарсы білім беруге назар қойылды. Допингке қарсы бағдарламаның негізгі мәселелері бойынша дәрістер мен семинарлар өткізілді. Сондай-ақ Жапонияның допингке қарсы агенттігімен өзара түсіністік туралы Меморандум жасалды. Допинг-бақылаудың 4 инспекторы Халықаралық Олимпиада комитетінен 2021 жылы Токиода өтетін Олимпиада мен Паралимпиадада халықаралық допинг-офицері ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік алды»,-деді А.Рахметоллақызы.

Жиналыс соңында Мəдениет жəне спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев онлайн форматта осы жылы жемісті жұмысымен көзге түсіп, оң нәтижеге қол жеткізген азаматтарды мерекелік жəне Министрлік наградаларымен марапаттады.

Олардың қатарында:

Аманқұлов Фархад Әменұлы (Қазақстанның жекпе-жек өнері ассоциациясының бас хатшысы) – «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медалі;

Құдабаев Серік Ыдрысұлы (спорт ардагері) – «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін»;

Жылқыбаев Самат Сабитұлы (Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры) – «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін»;

Қасқырбаев Марат Дайырұлы («Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт орталығы» РМҚК директоры) – «Құрметті спорт қызметкері»;

Үлжекова Нұргүл Түленқызы («Тең мүмкіндіктер əлемі» қоғамдық қорының директоры) – Министрдің құрмет грамотасы;

Мықыбаев Абзал Тұңғатарұлы («Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК директоры) – Министрдің құрмет грамотасы;

Дəулетова Гүлмира Бекзатқызы («Қазақстан шахмат федерациясы» қоғамдық мекемесі атқарушы директорының орынбасары) – Министрдің құрмет грамотасымен марапатталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button